Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай: Тоқаевтың билігі алдағы жүз жылда да тарихи кезең ретінде есте қалуы мүмкін

0
59

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті қызметіне кіріскеніне алты жыл толды. Осы кезеңде елде бірқатар саяси өзгеріс орын алды. Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай бұл кезеңді екіге бөліп қарастырады: 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі және одан кейінгі уақыт. Оның айтуынша, алғашқы үш жылда билік сабақтастық қағидаты бойынша жұмыс істесе, Қаңтар оқиғасынан кейін түбегейлі реформалар басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қаңтарға дейінгі Президент Тоқаевтың ұстанымы мен бағыты Назарбаев 2.0 форматында жалғасты. Себебі сол кезеңде Назарбаев пен оның командасының ықпалы өте жоғары болды. 2020 жылғы президент сайлауында Тоқаевтың негізгі ұрандарының бірі «сабақтастық» еді, және 2022 жылға дейін билік дәл осы форматта жұмыс істеді. Ал 2022 жылдан бастап негізгі саяси өзгерістер орын алды”, – дейді саясаттанушы.

Нұрболат Нышанбай 2022 жылдан кейінгі өзгерістер қатарында «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын, халықтың үніне құлақ асатын үкімет құру бастамасын және Конституциялық референдумды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, осы өзгерістер биліктің теңгерімдік жүйесін қалыптастырып, Парламенттің ықпалын арттырды.

“Бізде алғаш рет демократиялық жүйе қалыптастыруға алғышарттар жасалды. Мысалы, партияларды тіркеу үшін қажет қолдау дауыстарының азаюы, жастар мен әйелдерге арналған квоталардың енгізілуі – маңызды қадамдар. Сондай-ақ сот жүйесінде реформа жүріп, аудиторлық палата қайта құрылды”, – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, соңғы алты жылда екі мәрте референдум өткізілгені де айрықша оқиға.

“Конституциялық референдумда 33%-ға өзгеріс енгізілді, ал екінші референдум АЭС салу мәселесіне арналды”, – деп атап өтті ол.

Нұрболат Нышанбай Тоқаев билігіндегі маңызды қадамдардың бірі ретінде президенттік мерзімді жеті жылмен шектеу бастамасын атады.

“Бұл ұзақ мерзімді стратегиялық қадам. Президенттер қайта-қайта сайланып, Конституцияны өзгертуге ұмтылмауы керек”, – дейді сарапшы.

Экономикалық даму тұрғысынан ол Назарбаев дәуірінен келе жатқан үрдістер мен геосаяси өзгерістердің ықпалын атап өтті. Сонымен қатар ішкі саясатта Конституциялық реформалардың жүзеге асқанына қарамастан, сын әлі де бар екенін жеткізді.

“Сынның болуы – заңды. Бірақ ең бастысы, нақты өзгерістер орын алып жатыр. Мысалы, Ұлттық құрылтайдың жаңғыруы – Тоқаевтың билік кезеңінде есте қаларлық маңызды оқиғалардың бірі. Президент бұл құрылтайды төртінші мәрте өткізіп отыр. Құрылтай – қоғаммен санасатын маңызды алаңға айналды”, – деді Нұрболат Нышанбай.

Саясаттанушының пікірінше, алдағы уақытта парламентті институт ретінде дамыту қажет.

“Парламенттегі ақпараттың ашықтығы мен кәсібилігін арттыру керек. Қазіргі таңда парламент пен депутаттар туралы популистік сындар айтылып жүр. Сондықтан заңгерлер мен саясаттанушылардың үлесін көбейту маңызды”, – дейді ол.

Нұрболат Нышанбайдың пікірінше, Тоқаевтың билігі алдағы жүз жылда да тарихи кезең ретінде есте қалуы мүмкін.