«Шаршадық! Сабақ өтуге мүмкіндік беріңдерші!» дейді мұғалімдер
Әлеуметтік желіде күн өткен сайын мұғалімдердің шағымы көбейіп барады деп жазады Democrat.kz.
Жаңа оқу жылы басталып, жазғы демалыстан күш жинап келген мұғалімдер дәл қазір бала оқытудан гөрі басқа шаруалармен бастары қатып, сүріне-қабына шапқылап жүр.
«Нысаналы мектеп» деген жоба, оқушының әлеуметтік деректері, оқушының құжаттары, түрлі есеп-қисаптар мен бітпейтін қағаз толтыру жұмыстары мұғалімнің оқушыға толықтай көңіл бөлуіне мұрша бермей отыр.
Бұл қағаз-құжат аз десеңіз, түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу де мұғалімнің мойнына жүктелген.
Осы мәселеге байланысты ТикТок әлеуметтік желісінде «мұғалімдердің жан айқайы» деп жас маман мектептегі қазіргі қарбалас туралы айтып берді.
«Бұрын түрлі жарыс, байқау, мерекелік іс-шараларға оқушы кезімізде өзіміз дайындалып, қатысатынбыз. Ал қазір ше? Қазір іс-шараны ұйымдастыру, өткізу, оқушыны дайындау — мұғалімнің мойнында. Ол аздай, кейде бір аптаға бірнеше мереке, іс-шараны өткізуге тапсырма беріледі. «Тілдер күні», «Республика күні», «Айтыс» дей ме, әйтеуір бітпейді. Бәріне фото-видео түсіру…Біздің сабақ беруге күшіміз де қалмайды»,- деген ұстаз білім берумен емес, әлгіндей іс-шарамен шапқылаған мұғалімнің оқушы алдындағы сыйы кеткенін айтады.
Осы видеоға қатысты пікір жазғандар «басшылар тек фото-видео отчет сұрайды», «мектепте бітіре алмай, жұмысымызды үйге арқалап келеміз», «бітпейтін видео есеп», «оқушы да мезі болды, бізден қашады», «бізде тек айфонмен түсірген фото-видеоны ғана қабылдайды», «шаршадық! сабақ өтуге мүмкіндік беріңіздерші» десіп жатыр.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото видеодан скринделіп алынды.