Шерзат ісі: Ендігі жаза мен басқаны “пахандар” береді

ОПГ-да бір ғана адам сотталады. Мойнына біреуі алады да, қалғаны тамағын, басқасын кіргізіп тұрады түрмеге. Солай болады деп сеніп қалғанға ұқсайды Шерзатты өлтірген топ.
Отырыстары тым жайбасар, паң болды сот барысында. Абзалдың срогы көптеу болғаны: “сен ал, біз шығарып аламыз, тамақ тасимыз” деген шығар, бәлкім. Азды-көпті жыл арқалап, түгелі кетті.
Түгелі емес қой, екі қатынның күнәсі анық, қандай күш, нендей құдырет сақтап қалғанын ұқпадық. Сол екеуін “қыз” деп мәймөңкеледі сот та, жұрт та. Тым құрыса, “әйел” десе дәлірек болар еді. Оны айтасың, төрт баланың анасы. Куә делік.
Шок болыпты ал, төрт баланың анасы түнделетіп бір топ еркектің ішінде жүру шок емес пе? Көліктегі видео тағы көлбеңдеді. Неге екенін, судан құрғақ шығып кетті.
Кәмелеттік жасқа толмаған бала босап шықты. Қаржаубай кешірім берді ғой. Алайда, түрмеге кеткен көкелері тыныштық бермейді енді. Заңы сондай ғой бандиттердің. Кеткеніне қалғаны тасынады.
“Сен үшін (де) отырдым” деген принцип бар бұларда. Сосын жаңағы екі әйел түрмеден құтылғанымен, түрмедегілерден құтылмайды. Түрмеге-ақ кетпегендеріне өкіндіріп жібереді. Компаниясы шыққанша шашылады. Өйтпейді екен…
Мені таң қалдырғаны Қаржаубай мен жарының сабырлылығы. Сұмдық. Баладан да, бауырдан да, үйден де айырды. Сұрапыл қайғыда сабырдан таймау, іш-бауыры өртеніп жатса да балағат сөз айтып, әкіреңдемеу мәдениетті, текті екендерін көрсетті.
Қызығы, күнәлілердің кінәлі екенін түсіне алмауы һәм мойындамауы. Көргенмін ондай адамдарды. Сұмдық-ай! «Озбыр, дүт, қараңғы, топас, қанішер» деген сөздердің қайсысын таңсам да жеткізе алмайтынмын. Түрмеге бүгін түсіп, ертең шалқып жүретін жарықтықтар. Бандиттердің түрмеде жейтін тамағын бостандықтағылар түсінде көрмейді.
Жалпы, түрменің өз заңы бар. “Жігітше” деген сөзідің төркінін түрмеден ізде. Әсілі, бандиттер шалқып отырады темір торда. Бірақ, жабылып титтей баланы өлтіргендерді “бандит” деп қабылдай ма, жоқ па, білмедім.
Өйткені, “по понятиям” деген заңдары тағы бар. Оны енді пахандар шешеді. Менің білуімде, “жүрген жігіттер” жабылмайды. Сөзбен жегізеді, мойнына алдырады, жазалайды. Тек, жабылып өлтірмейді.
Түрмеде “шакал” деген түсінік бар, соған ілінсең қиын. Мошенник, аферист, ұры, жезөкше, жемқор әрқайсысы әр деңгеймен өлшенеді. Пахандарға бағынады, қызмет қылады. Пахандарың түрме бастығынан өткен құдай, қапаста.
Сот бітті. Адамның соты бітті. Алланың соты алда ғой. “Кінәсіз кетті” деп бунт жасап, боқтап жатқан ата-аналардың балаларын Алла жұмаққа бұйырар, рас болса. Жазықсызды қор ете ме, Жаратушы?!
Ал жазықтының түрмедегі азабын тозақпен салыстыра алмассың.
Дүние табылар, Шерзат та, Нұрқанат та оралмайды. Нұрқанат демекші, оның өлімі мүлдем зерттелмей қала салды.
“Өліп қалдыға” сенбедік.
“Бұл – Қоғамның көрінісі”-деді ғой жәбірленуші тараптың адвокаты. Рас.
“Адал ас сайрандатады, арам ас тайраңдатады” деуші еді атам. Тайраңдағанның жүрегі қатайып, миы істен шығатынын жақсы білемін. Ондайларды Алла ғана өкіндірмесе, адам сезіндіре алмай, босқа әуре болады.
“Қаржаубай сотталсын” деп жатқандарға лекция оқып бекер. “Шерзат ажалы келген соң өлді” деген түсінік сыйған тар қауашаққа қандай сөз сыйдыра аласың? Көк шыбынды да ұрып өлтірмесең боқ жеп, ұшып-қонып жүре беретінін түсінбейтін адамдардың болатынына таң қаласың.
“Бүкір адам көрде ғана түзу жатады” деген де атам еді.
“Сен қандайсың, бала сондайды” көзімізге көрсетті өмір. Әйтпесе, “нағыз жігіт Отаны үшін жан бередіні” тәржімаласаң, білекті мен білімдінің жығатыны екі түрлі. “Өгіз де темір қалбырдағы бұқтырылған ботқаға айналады” деп еді жәбірленген бір жігіт баяғыда, есімнен кетпейді…
Соның айтқаны келді…
Алдымдағы балалардың 70% спортпен айналысады. Небір КМС-тер отыр партада. Сұрамаймын ба: “Балалар, біреумен төбелесіп қалсаңдар?… Намыстарыңа тисе?…” деп.
“Апай, бізге көшеде төбелесуге болмайды! Тек рингте, не Отан үшін! Болмаса, осынша жыл еңбектенген КМС-тен айырылып қаламыз!” – деді.
Риза болғаным-ай!
“Жігіт” деген сөз осы шығар?!…
Самал Зікірияқызы Шаймерденова