Шерзат оқиғасы: Ақорда халықтың наразылығынан қорқып отыр
Белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Талғарда Қаржаубай Нұрымовтың отбасында болған қайғылы оқиғалар тізбегі авторитар биліктің бойында “пост-Қаңтар синдромының” күшейе түскенін көрсетеді деп баға берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саясаттанушы Facebook желісіндегі парақшасында Талғардағы трагедияға байланысты жазба жариялады. Айтуынша, Ақорда мен күштік құрылымдар халықтың наразылығынан қорқып, азаматтарды бақылауда ұстауға барын салуда.
“Ақорда мен күштік құрылымдар “халық көтеріліп кетпесе болды” деген үреймен азаматтарды, тіпті әділет іздеп шырылдаған Қаржаубай Нұрымов секілді жәбірленушілерді де алдап-арбауға, үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дайын екенін анық көрсетті”, — дейді ол.
Саясаттанушы Талғардағы қайғылы оқиғаны “Ескі Қазақстанның Тоқаевқа қарсы саботажы” ретінде қарастыратындардың да табылуы мүмкін екенін жеткізді.
“Шын мәнінде, қазір Қазақстанда билікті дәл өзі сияқты дискредитациялайтын саяси күш жоқ.
Әділетті Қазақстан, Тоқаевша айтсақ, “заң диктатурасымен” орнамайды. Әділетті Қазақстан азаматтар өз мемлекеті қорғансызға қорған болады, құқық қорғау органдары істі ашық әрі жан-жақты қарайды, сот әділ шешім шығарады деп шын сенген кезде ғана орнайды. Ел байлығының жартысынан астамы бар болғаны 165 адамның қолында шоғырланған, халқы айлығының 70%-ын тамаққа жұмсайтын, әрбір бесінші азаматы шетелге көшуді ойлайтын Қазақстанда ол сәттің жақында тумайтыны анық.
Ал ол күн туғанша Астанада ықпалды көкесі, оффшорда миллиондаған доллары, күштік органдарда “крышасы” жоқ “әлсіз” отбасыда туылған әрбір қазақстандық қатыгез, қорқақ әрі селқос қоғамда о бастан аутсайдер болып қала береді”, — деп қосты ол.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.