Шешемнің азапты өлімі: Бұл дүниенің күнәсі о дүниеге өтпейді екен

Біздегі имам-молдалар о дүние, о дүниедегі тозақ-жұмақ туралы ауыздары көпіріп қисса-ертегілерді құрастырып айтады ғой…
Бәрі өтірік! Ешкім о дүниеге барғанда бұл дүниедегі қателіктері үшін азапталып, жауап бермейді. Осы дүниеде кімге не істесең, өле-өлгенше солардың бәрінің қайтарымы болады.
Пәленше айтты, түгенше деді деп емес, өз шешемнің басынан өткен ауыр жағдайды санасында саңылауы бар кісіге айтып бергім келеді.
Мен ес білгелі таңнан кешке дейін жұмыстан қолы босамайтын, арқыраған мінезі бар, қызметтің неше биігінде жүретін, өте белсенді, үнемі ойнап-күліп жүретін шешемнің денсаулығы 51 жасында сыр берді. Алайда бізге ол туралы еш айтпады.
Анамыз көз алдымызда күн санап солып бара жатты. Уақыт өте төсекке таңылды. Осының бәрі айналасы бір жылдың ішінде болды.
“Суықтап қалыппын” дейтін шешемнің үлкен дертке ұшырағанын ол төсекке таңылғанда бір-ақ білдік. Анама сүт бездерінің қатерлі ісігі дерті жабысқан екен. Емделу уақыты өтіп кеткен.
Күндіз-түні басында күзетіп отырамыз. Ешкіммен сөйлеспейді. Тек көзінің қиығымен бізге аянышты қарап жатады. Сұрақтарымызға мүлде жауап бермейді. Осылай жатқанына бір апта болды. Тек өңешін өртей шыққан өксікке толы бір күрсінуі бар. Шешем ауық-ауық солай күрсінгенде, жанымыз шырқырап кете жаздайды.
Ағайын-туыстарға шешеміздің төсек тартып жатқанын хабарладық. Қызмет деп жүріп, өз төркіні мен біздің туыстардан алыс қалада тұрып жатқан едік ол кезде. Хабар алысымен ат арытып ағайындар келе бастады.
Шешем ешбірімен тілге келіп сөйлеспеді. Тек байқағанымыз, біреуді көзбен іздеп жатты.
Сондай күндердің бірінде шешемнің әпкесінің дәрігер ұлы келді. Дәл сол күні анамыз ақырын ымдап, жастығын көтерткізді. Бізге шығыңдар деп ымдады. Есікті сыртынан жапқаныммен тың тыңдап сыртта отырдым. Не айтар екен?
Апталар бойы үнсіз, сұлық жатқан анам сол сәтте бөле ағама: “Маржан қайда?” деп сұрады. Маржан дегені бөле ағамның қарындасы еді. Бөле ағам Қайрат: “Маржан бәрімізге ренжіп, араласпай, мүлде хабарласпай кеткелі 3-4 жыл болды ғой” деді.
“Қайрат, мен ол қыздың тағдырын тас-талқан еттім. Шарана шағында әке-шешесін ажырастырып, Маржанның өзін айдаладағы сендердің асырауларыңа кетуіне ықпал жасадым. Өз бауырымды әйелімен шағыстырып, ажыратып, қызы Маржанды тентіретіп жібердім. 25 жасымда жасаған сол қиянаттың азабын қазір тартып жатырмын. Күнде бір ғана түс көремін. Тек бір ғана дауыс естимін. “Жасаған қиянатың үшін кешірім алмасаң, о дүниеге келуің де оңай болмайды” деген дауысты естимін. Маржаннан кешірім сұрағым келеді…Өмірімдегі ең үлкен қиянатты сол қызға жасадым, білемін. Тағдырын талқандадым. Тастанды баланың тағдырын көтерген Маржанның көзінен тамған әрбір жас үшін кешірім сұрамай, кеудемдегі жаным оңайлықпен шықпайды” – деп сыбырлады шешем.
Мен ес білгелі шешемнің ең жек көретін адамы – сол Маржан болатын. Неге екенін Маржан десе, шекесі тырысып, бізді де оған жолатпайтын. Үнемі Маржан туралы “жезөкшеден туған” деп жаман нәрселер айтатын.
Сол күні бөлем Қайрат шешеме “Маржанды табуға тырысамын” деп сөз беріп кетті. Алайда есікке телміріп, Маржанды күтіп шешем тағы азапқа салынып жатты.
Дене қызуы қалшылдатып, біресе бүкіл денесі суып дірілдетіп… енді бірде әлдекіммен сөйлесіп, сандырақтап…ал бәрінен де жаныма батқаны – шешемнің денесінен түйін-түйін болып еті сылынып, түсе бастады.
Әр түйін ет қанмен бірге сылп етіп түскен сайын шешемнің азапқа толы ышқына, шыңғырған даусынан аза бойымыз қаза болды. Анамның азаптанған ол күндері қазірге дейін көз алдымда. Сонда талай күн тілсіз қалған шешеміз әр шыңғырғанында адам аттарын атап кешірім сұрағанда… ол сәттің қандай азап болғанын айтып жеткізе алмаймын.
Маржанды күткелі екінші күн болғанда шешеме морфин дәрісін егуге келген дәрігерлердің өзі жылап шықты. “Ішсем, қайта оянбайтын у берші” деп жалынды анаңыз деді.
Сол күні шешемнің тізесіне дейін екі аяғы сіресіп, суыды. Басында отырған молда оның иманын үйіріп 4 сағат дұға оқыды. Болмады. Жаны тізеден жоғары жүрмей қойды. Дұға оқудан әбден қалжыраған молда жанына тағы үш молданы алдырды.
Арада 9 сағат өткенде, шешемнің тізеден беліне дейінгі денесі суыды. Имамның айтуынша, табаннан көтерілген жан өңешінен шығуы керек екен. Ал жаны шықпай қиналған шешем аласұрып жатыр. Ауыр азапқа түсіп жатыр. Бел тұсына келіп, әрі қарай жылжымаған шешемнің қу жаны әбден шырқыратты.
Төрт молда кезектесіп иманын қанша үйірсе де, шешемнің жаны оңайлықпен шыға қоймады. Жан бел тұстан алқымға 11 сағатта әрең көтерілді. Бұған дейінгі азап азап емес екен. Ең сұмдығы алқымға келген жанның шығуы болды.
Көзі алайып кеткен шешем қорылдап, қырылдап, қиқылдап, шиқылдап түрлі қорқынышты дыбыстар шығарып ең азы 5 сағат арпалысты… Бұл ең ауыр минуттар еді.
Шешемнің кеудесінен жаны шыққан соң, арада жарты сағат өткенде, Маржан келді. “Бүгін сағат 12-де хабар алдым, іштей бақұлдастым, кешірдім” деген ол бақұлдаса алмағанына өкініп, қатты жылады.
Кейін есептеп қарасақ, Маржан іштей кешірімін берген сәт шешемнің жанының шығу секундымен бірдей екен. Осы оқиғадан кейін бүгінге дейін мені бір ғана сұрақ мазалайды.
Жалған дүниеде нақақтан-нақақ басқаларға қиянат жасап, мәңгілік өмір сүрердей жүретіндер “о дүниеде Құдайдан кешірім сұрап, кешірімін аламын” деп ойласа, өздеріңді алдамаңдар, бұл дүниенің күнәсі о дүниеге өтпейді дегім келеді. Құдайды қайдам, адам мен адамның арасындағы қиянаттың жазасы осы дүниеде өтелетініне шешемнің азапты өлімі көзімді жеткізді…
Авторы: Гүлсара ЖАҚЫПБЕК.
Арнайы Democrat.kz. үшін.
Фото көрнекілік үшін.