Шетел асқан қазақтардың қазіргі жағдайы қандай?

0
488

Отандастар қорының мәліметінше, Қазақстаннан өзге елде тұратын қазақтар саны 5 миллионға жетуі мүмкін. Ресми деректер бойынша қоныс аударғандар 3 миллионнан асады.

Олар 40-тан аса елде тұрады. Бірі оқуға кетсе, енді бірі мансап үшін, ал кейбірі тәжірибе жинап, өзін түсіну үшін тұрғылықты жерін ауыстырады. Massaget.kz тілшісі шетелдің бірнеше қаласында өмір сүріп көрген отандастарымызбен сұхбаттасты.

Аружан биыл күз басталғанда Балиге көшіп кеткен. Ол бұған дейін Еуропаның бірнеше қаласында, АҚШ-та да тұрып көрген. Ол ағылшын тілінен сабақ береді, онлайн жұмыс істейді. Бұл оған мекенжайын жиі ауыстыруға мүмкіндік береді.

«Мен Нью-Йоркте (АҚШ — еск.) 6 ай, Быдгощта (Польша — еск.) 3 жыл тұрдым, қазір Балиде тұрып жатқаныма 4 айға жуықтап қалды», — дейді ол.

Аружан алғаш рет 18 жасында шетел асып шыққан. Ол бірден көп адамның қолы жете бермейтін Америкаға, оның ішінде Нью-Йоркке жол тартты. Мұнда кейіпкер Work and travel бағдарламасы арқылы келген. Одан кейін оқуына байланысты Еуропада білім алған. Аружанның айтуынша, Быдгощ — Польшадаға ең тыныш әрі жайлы қалалардың бірі.

Ал екінші кейіпкеріміз — Елрух (есімі кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді — еск). 2015 жылдан бері Варшава қаласында (Польша — еск.) тұрады. Одан бөлек, оқу мақсатында 2016-2017 жылдар аралығында Ыстамбұл қаласында (Түркия — еск.) тұрған.

Виза және құжат мәселесі қалай?

«Балиде әзірге туристік визамен жүрмін. Оны ай сайын жаңартып тұру керек. Алғаш келгенде 15 мың теңге төлеп, виза аласың, кейін ай сайын жаңартып тұрасың. Ал 2 ай сайын елден шығып тұру керек. 1 күнге шықсаң да болады», — дейді Аружан.

Ал Елрух визаны алғашында 18 айға алған. Кейін 3 жылға создырған. Ұзақмерзімді виза 5 жылға беріледі. Ал Польшада тұрып жатқаныңызға 10 жылдан асса, азаматтық алуға өтініш білдіруге болады.

Таңдау неге бұл қалаларға түсті?

«Бағдарламаға құжат тапсырып жатқан кезде менен қай қалаға, қай штатқа барғым келетіні сұралды. Сол кезде мен ойланбастан Нью-Йоркті таңдадым. Бірақ көбі «ол жақ удай қымбат, жалақың жетпейді» деп айтқан. Алайда мұнда басқа штаттарға қарағанда жалақы жоғары болды. Ал Быдгощке мен университетке түстім, үш жыл қатарынан жарты жылға барып тұрдым. Өте кішкентай, бірақ сондай жайлы қала. Адам да, көлік те аз, ыңғайлы болды. Бірақ халқы көңілімнен шықпады. Кейін мен Азияны аралағым келді, сол үшін таңдауым Балиге түсті. Оның үстіне, бұл жақта досым тұратын. Ол маған бәрін түсіндіріп, көп көмектесті», — дейді Аружан.

Ал Елрух Варшаваны оқуға байланысты таңдаған.

«Мұнда Еуропамен салыстырмалы түрде арзан баға мен сапалы білім. Оған қоса, Польша — Еуроодақ және Шенген мүшесі және экономикалық жағынан дамыған. Маған Польшаның тарихы сынды факторлар әсер етті», — дейді ол.

Елден елге көшкенде қандай қиындықтар туады?

Адам ағзасы үшін елден елге көшу — қашанда стресс. Кейіпкерлердің айтуынша, ағзаға айтарлықтай ауыртпалық түспеуі үшін алдын ала дайындалу керек.

«Біріншіден, акклиматизация. Ағзаң сол жердегі ауа райына үйренісіп кетемін дегенше уақыт керек. Одан кейін тамақ. Мысалы, Америкада тамақ тым майлы, тым тәтті, сондықтан үйден тамақ істеймін деп шештім. Бірақ ол да оңай болған жоқ. Таңдау көп болған соң, не аларыңды білмей де қаласың. Бәрінің дәмін татып, үйреніп кетемін дегенше кем дегенде 2 ай өтіп кетеді. Ал Польшада мұндай қиындық болған жоқ. Ол жақтың асы орыстардікіне ұқсас қой. Онда халықпен тілдесіп кету қиын болды. Олар шетелдіктерді жақтырмайтын. Балиде асқа келгенде таңдау көп емес. Мұндағылар көбіне күріш пен тауық жейді. Көп дәмханада тазалық сақталмайды. Мұнда көшкелі 3 рет тамақтан ұшынып қалдым. Бұған қоса, Балиде үнемі ыстық. Оған ағзам үйренісе алмай жүр. Содан стресс алып, көп шаршап, салмақ тастадым. Мұнда ерте тұрып, ерте ұйықтайсың. Күн тез атып, тез батады», — дейді Аружан.

Елрух та шетелде тұрғанда қандай қиындықтарға тап болғанын айтты.

«Алғашқы қиындық — тіл. Мен тұрған екі елде де жергілікті халықтың көбі ағылшынша біле бермейді. Түрік тілі қазақ тіліне жақын болған соң, қатты қиындық тудырған жоқ, бірақ бірден сөйлеп кету оңай болмады. Ал поляк тілі орыс тіліне ұқсас деп айтқан пікірлер еститінмін, бұл да дұрыс болмай шықты. Екіншіден, егер ұзақ уақытқа тұруға келсеңіз, тұрғылықты мекенжай мәселесі қиындық туғызуы мүмкін. Көп жағдайда пәтер иелері шетелдік азаматтардан көп құжат сұрап, көп талап қояды. Одан бөлек, келісімшарт жасап, бағасына келіспес бұрын, пәтер нарығын жақсылап зерттеу керек болады. Үшіншіден, жергілікті мәдениет пен салт-дәстүрді, жазылмаған «дала заңдарын» үйрену керек. Біздің елдегі дұрыс деп қабылданатын нәрселер басқа елде бұрыс қабылдануы мүмкін. Мысалы, үй ішінде аяқкиіммен жүру, қоғамдық көлікте үлкен кісіге орын беру сияқты. Бірақ бұл нәрселерді үйрену арқылы ашық болып, жаңа ортаға тез бейімделіп кетесіз», — дейді Елрух.

Салыстырмалы түрде қай қала арзандау?

Әртүрлі континентте тұрып көрген Аружан үшін салыстырмалы ең арзан ел Польша болған.

«Еуропа елдерінің арасында Польша — ең арзан ел. Оған қоса, мен студент болған соң, жатақханада тұрдым. Бали де арзан елдер қатарында, бірақ мұнда жету қымбат. Балиде 600 теңгеге тауық қосылған күріш пен шай сатып ала аласың. Турист ретінде емес, мұндағы тұрғын ретінде есептеп көрсек, 300 мың теңге бәріне жетеді. Ал Польшада тұратын жерің болса, айына 200 мың теңгеге өмір сүруге болады. Онда тек баспана жалдап тұру қымбат. Қаланың шетіндегі 1 бөлмелі үйді кем дегенде 400 мың теңгеге жалдайсың», — дейді Аружан.

Елрух арзан қала қатарына Ыстамбұлды жатқызды. Оның айтуынша, мұндай шешімге себеп — Түркияның қазіргі экономикалық жағдайы. Ол қаланың арзан-қымбат болуы сол жақтағы өмір салтына байланысты дейді.

Енді қай қаланы көздеп отырсыз?

Бір қызығы, екі кейіпкер де әзір басқа жаққа қоныс аударуға жоспар құрмаған. Елрух алдағы уақытта Сингапур, Токио мен Париж қалаларында тұрып көргісі келсе, Аружан Балиден Азияның басқа елдеріне саяхаттағысы келетінін жасырмады.

«Күні ертең 10 күнге Малайзияға бара жатырмыз. Ал желтоқсанда Вьетнамға, басқа да аралдарға саяхаттаймыз», — дейді Аружан.

Анықтама үшін: Отандастар қорының мәліметінше, Қытайда — 1,6 миллион, Ресейде — 591 мың, Өзбекстанда — 821 мың қазақ бар. Олар — өздерінің тарихи мекенінде отырған, ежелден қазақ жері саналған, кейінгі 2-3 ғасырдағы геосаяси өзгерістердің салдарынан шекара сыртында қалып кеткен қандастар. Сонымен қатар Моңғолияда — 121 мың, Қырғызстанда — 35 мың, Түркияда — 30 мың, АҚШ-та — 17 мың, Иранда — 10 мың және Түрікменстанда — 9 мыңға жуық қазақ диаспорасы тұрады.

 

Шетелде құжаттарыңды жоғалтып алсаң, не істеу керек? 

Бірінші қадам, жақын жердегі полиция бөліміне хабарласып, төлқұжаттың жоғалғаны туралы хабарлаған дұрыс. Ал құжаттың ұрланғанына күдіктенсеңіз, тіптен жылдам қимылдаған жөн, өйткені визалық деректерді зиянкестер де пайдалана алады. Полицияға өтініш бергеннен кейін, олар бұл деректі ресми растау қажет, себебі ол жаңа құжаттарды рәсімдеу кезінде қажет болуы мүмкін.

Екінші қадам, Қазақстанның елшілігі сіз барған мемлекетте/қалада қандай мекенжай бойынша орналасқанын анықтаңыз. Мекенжай, байланыс нөмірлері және қосымша ақпарат үшін сілтеме арқылы өтіңіз.

Үшінші қадам, консулдық мекемеге хабарласып, төлқұжаттың жоғалғаны туралы хабарлау қажет. Оларға полициядан ұрлық немесе жоғалту туралы өтінішті, сондай-ақ егер сізде қалған болса, кез келген басқа жеке куәлікті ұсыну қажет.

Бұл төлқұжаттың көшірмелері, жүргізуші куәлігі немесе басқа құжаттар болуы мүмкін. Осы мекеме арқылы Қазақстан азаматы елге қайтып оралуға арналған куәлік ала алады. Оралғаннан кейін паспортты қалпына келтіру үшін шұғыл түрде уәкілетті органдарға жүгіну қажет.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.