Шетелде оқып келіп, өз ұлтынан жеритіндер көп
Болашақпен шетелде оқыған біраз қыз-жігіттерді білемін. Солардың бір бөлігі елде оқыған болса, ұзап кетсе орта деңгейге де жетпейтін сарапшылардың бірі болар еді.
Ал қазір шетелден алған білімнің арқасында аса жоғары деңгейдегі білімдарлардың қатарында жүр. Бұл шетел оқуының, әсіресе АҚШ пен Еуропа білімінің шынайы озықтығының көрсеткіші.
Ал, солардың екінші бір бөлігі бар. Олар батыста оқып, батыстың түсінігін қабылдады, тек түсінігін ғана қабылдамай, жан дүниесімен батыс боп кетті.
Келген соң осындағы азды-көпті оқыған кәрі-жасты менсінбей, жергілікті және ұлттық ерекшелікті, қазақы түсінікті надандық деп санап бір жола өз тегінен жерініп кетті. Олар қай салада еңбек етсе де тек қарабастары үшін еңбек етіп жүр. Хоми Бхабха дейтін философ бұларды «гибридты болмыс» деп көрсеткен.
Жә, оны қоя тұр. Бізде сонда екі проблема тұр. Біріншісі, білім, ғылым саласын көтеру, өйтпесек жаңағы елден оқыған, шетелге шығу мүмкіндігі болмаған шын таланттардың есіл өмірін табанға таптаймыз.
Екінші, барлық оқу орындарында студенттерге деколонизация сабақтарын енгізу керек. Постколониялды дискурсты әр оқыған азамат білуі тиіс деп ойлаймын. Онсыз жаңағы қағынан жерінгендер көбейе береді.
Ps. Енді осы ойдың өзін шетел оқығандар менен көрі әдемі жеткізе алатынын мойындай кетейін.
Есбол НҰРАХМЕТ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.