Шетелдің оқуы кеңестік білімнен артық болған емес

0
364

Бүгінде мені таңғалдыратын дүниелер көп. Әлде мен көп жайтты дұрыс түсінбеймін бе? Мысалы, шетелдерге барып оқуға ұмтылатындарды түсінбеймін. Не үшін?

Жақсы білім алу үшін бе? Олай ойлайтындар қателеседі деп білем. Өйткені, біріншіден, жақсы білім алам деген адамға бүгінде қай жерде де мүмкіндіктер көп.

Кітап па, дүкендерде өтпей тұр. Интернет тағы бар. Өзге де жолдарды табуға болады. Екіншіден, шетелдің оқуы ешқашан кеңестік оқудан артық болған емес, егер таза білімге келсек.

Оған жүздеген мысал келтіруге болады. Айталық «Что, Где, Когда» деп аталатын хабар бар Ресейде. Сол хабарды көрген адам қатысушы жастардың білімдеріне таң қалары анық.

Ал қатысушылар кеңестік білім алған азаматтар. Себебі ол хабардың пайда болғанына 50 жылға жуықтады. Өзіміздің қазақтан қаншама ғалымдар шықты сол заманда.

Кеңестік заманның дәрігерлері кейде тамырыңды ұстап-ақ ауруыңды айтып беретін. Қазір қаптаған шетелдік апппараттарға түсіре отырып нақты диагноз қоя алмайды.

Емдеу туралы айтпай-ақ та қояйық. Оған шетелдерге барып емделіп жатқандар дәлел. Үшіншіден, жоғары оқу орны адамға білім емес, мамандық қана береді.

Рас дәл осы жағынан олардың артықшылығы бар. Шетелде «узкая специализация» деген термин бар. Яғни кез-келген оқуды бітірген адам білімді емес, өз жұмысын білетін маман болып шығады.

Сонда не, өз елімізде мамандыққа үйретуге болмай ма? Мысалы жақсы инженер, жақсы дәрігер, жақсы мұғалім болып шығуға дегенім ғой.

Егер отандық оқу орындары ештеңе үйрете алмайтын болса миллиардтаған ақша төлеп оларды не үшін ұстап отырмыз. Түп-түгел жауып жастардың бәрін шетелдерге жіберу керек.

Төртіншіден, шетелдерде оқып келгендердің 30 жылда өздерін көрсеткендерін байқамаппын (Бишімбаев пен Байбектен басқа).

Неге олар Қазақстанды өркендетпейді? Бесіншіден, шетелдерде оқыған көптеген балалар үйлеріне оралмай сол жақта қалып қоюда. Ата-аналары болса оларды қайтара алмай әлек.

Балаларын шетелге жіберіп жападан-жалғыз өмір сүріп жатқан аналарды да білем. Алтыншыдан, шетелде оқыған ұлымыздың ертең бір еркекті ертіп әкеліп әке, мынау келініңіз немесе күйеу балаңыз болады деп тұрмасына кім кепіл?

Жетіншіден, Израильде білім мен біліктілікті қажет ететін салаларда кеңес одағынан барған еврейлер жұмыс істейді екен, өйткені олардың білімдері батыстық отандастарына қарағанда әлдеқайда жақсы деген сөз бар.

Қорыта айтқанда білімді болу адамның өз қолында, оның ізденгіштігіне, тыңғылықты білім алуына байланысты. Білім қонбайтын адам қайда оқыса да оқымысты болып шыға алмайды.

Сөз соңында айтарым АҚШ-қа барып оқып келген кейбір жастардың мықты маман емес, «мықты» демократ болып шығып, іспен емес, бос сөзбен айналысып жүргендерінен де хабарымыз бар. Ондай «демократ» болу үшін алысқа барудың қажеті не, өз елімізде де толып жатқан жоқ па демагогтар…

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, қоғам белсендісі.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.