Шетінеген сәби 13 жылдан кейін қалай “тіріліп кеткен”?

Заңгер Айгүл Орынбектің YouTube арнасына келген сарыағаштық ана өз баласына қатысты жағдайды баяндап берді деп жазады Democrat.kz.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Ғазиза 2011 жылы сәбиінің шетінеп кеткенін, алайда биыл сол баласының құжаттары базадан шығып тұрғанын айтады.
“2011 жылы Сарыағашта босандым. Алайда сәбиімді дәрігерлер Шымкенттегі ауруханаға жіберді. Денсаулығына байланысты. Арада 5 күн өткенде баламның шетінегені туралы хабар алдық. Тиісті жерлерден баламның өлгені туралы анықтама да алдық. Алайда арада 13 жыл өткенде, биыл кездейсоқ Каспи қосымшасындағы құжаттарымды қарап отырып, шетінеп кеткен сәбиімнің туу туралы куәлігі тұрғанын көрдім. Түсінбедім. Бұл қалай деп сұрастырып көрдім. ХҚКО-ға бардым. Қайтыс болған сәбиімнің ЖСН нөмірі де тіркеуде тұр. Сондай-ақ балам менің мекенжайымда тіркеуде тұр. Мұнан бөлек, шетінеп кеткен сәбиім “БегімАрт” деген жекеменшік емханада тіркеуде тұрғанын анықтадым”, – дейді Ғазиза.
Шетінеп кеткен сәбиі жекеменшік емханада МӘМС бойынша тегін ем алу бойынша тіркеуде тұр. Есептеп қарасаңыз, 13 жасар бала. Мектепте тіркеуде жоқ. Алайда ұлты көрсетілмеген Иманғали есімді Ғазизаның шетінеп кеткен ұлы жекеменшік емханада қандай мақсатта тіркеуге алынған?
Ғазиза осы мәселе бойынша бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Әзірге ешқандай нақты жауап ала алмай, заңгердің көмегіне жүгініп, Айгүл Орынбекке келіп отыр.
Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото видеодан скринделіп алынды.