Шымкенттегі жемқорлық ісі: Заңгерге ақпараттық шабуыл неден үдеді?

Шымкенттік заңгер әрі танымал блогер Айгүл Орынбек «Риана» жекеменшік мектебінің қожайыны Эльмира Дүйсенқызынан «заң көмегін көрсетемін» деп 10 млн теңгесін (кейде 20 мың доллар) алып, міндеттемесін орындамай алдап кетті» деген сыпсың ақпарат тарағанына біраз болды.
«Даудың басы – Дайрабайдың сиыры» дегендей барлық бәле Эльмира Дүйсенқызынан басталды. 2021 жылы Э.Дүйсенқызы (3 жыл шартты жаза) күйеуі Ермек Арыстан (ҰҚК-нің жоғары лауазымды офицері – 6 жыл) екеуі ОҚМУ проректоры Қанат Байболовтың ұлын ҰҚК академиясына 15 мың долларға оқуға түсіріп береміз деп сотталған.
Осы дау басылмай жатып, 2022 жылы «Риана» мектебінде оқушылардың жалған («ауа» оқушылар) тізімін жасап, жыл сайын бюджеттің жүздеген млн теңгесін жымқыру фактісі бойынша Эльмира Дүйсенқызы тағы 6 жылға түрме жазасына кесілген.
Онымен берге Шымкент білім басқармасы бастығының орынбасары А.Текебаева, оқу бөлімінің маманы М.Айкөзов сотталды. Дегенмен, Э.Дүйсенқызы 2023 жылдың ортасында түрмеден шығып кетті де Шымкенттің сол кездегі әкімі Әйтеновтың орынбасары Мақсұт Исаховты жемқорлық істері бойынша ұстау операциясын бастан-аяқ жүргізген ҰҚК Шымкент департаменті басшысының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қарсы арыз жазды.
Енді Э.Дүйсенқызы өзінің «Риана» мектебінде істеген жемқорлығын Қызылордадан сол жылы ауысып келген М.Сарбасовқа жапты, «мені «Риана» мектебінде осындай қылмыс жасауға мәжбүрлеген М.Сарбасов» деді.
«Сарбасов ісін» бастаған тергеу тобының (ҰҚК-нің 7 қызметкері) әрекетіне онша сеніңкіремеген арызқой Э.Дүйсенқызы танымал блогер Айгүл Орынбекке заңгер ретінде көмек беруін сұраған. Э.Дүйсенқызының ойынша, бұл шаруаны жасау үшін заңгер А.Орынбек Шымкент қаласында ғана емес, Астанаға да іссапармен баруы тиіс.
Ұшақ, қонақүй және т.б. шығындар есептеліп Э.Дүйсенқызы мен А.Орынбек арасында заң көмегін көрсету бойынша 10 млн теңгеге келісімшарт жасалады, бірақ Э.Дүйсенқызы заңгеріне 9 мың 900 доллар береді (осы ақшаға чек бар).
Осы аралықта Э.Дүйсенқызы өзіне ҰҚК-нің тергеу тобы әдейі Манат Сарбасовқа қарсы арыз жаздырғанын, түрлі қысымға ұшыратқанын А.Орынбекке айтумен болады. Екеуара бұл әңгіменің аудио жазбасы қазір «Сарбасаов ісіне» тіркелген. Сондықтан қазір сот қарап жатқан «Сарбасов ісінде» Айгүл Орынбек өте маңызды куә.
Айгүл Орынбек пен Эльмира Дүйсенқызы арасындағы дауға қайта оралайық. Екі адвокаты бола тұра Э.Дүйсенқызының А.Орынбекті заңгер ретінде (сенімді өкіл) алғанын біліп қойған тергеу тобы одан бас тартуға мәжбүрлейді.
Бұл сөздің дәлелі Э.Дүйсенқызы мен А.Орынбек арасында болған әңгіменің жазбасында бар. Сондықтан екі ай өткенде Э.Дүйсенқызы А.Орынбектің заң көмегінен бас тартатыны жөнінде оған және Заң консультанттары палатасына ресми хат жазады.
Заңгер Айгүл Орынбек Э.Дүйсенқызының мүддесі үшін 2 айдан астам жұмыс істегенін, клиенттің келісімшартты біржақты заңсыз бұзғанын айтып 9900 долларды қайтарудан бас тартады. Бұдан кейін Э.Дүйсенқызы А.Орынбектің үстінен Шымкент қаласының және Түркістан облысының Әділет басқармаларына арыз жазған (12.01.2024).
Тіпті ол азаматтық істер жөіндегі сотқа арызданып, берген ақшасын көбейтіп айтып әбден жаңылысып өтірігі шығады. Сондықтан Э.Дүйсенқызы А.Орынбектің үстінен сотқа жазған арызын кері қайтарып алды.
Осымен екеуінің арасындағы ақша дауы біткен сияқты еді. Дегенмен, мұндағы дау 9900 долларға тіреліп тұрмағаны анық. «Сарбасов ісін» тек қана Эльмира Дүйсенқызының дәлелі жоқ айыптау негізінде сотқа жеткізген ҰҚК-нің тергеу тобы Айгүл Орынбекті қалайда сотта куәлік бергенін, шындықты ашқанын қаламайды.
Себебі, оның куәлігі және соны дәлелдейтін аудио-мәтін жазбалар орта білім саласындағы жемқорлық үшін «үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын» ҰҚК Шымкент департаменті басшысының орынбасары Манат Сарбасовты айыптаған жалғыз арызқой Э.Дүйсенқызының дәлелсіз куәлігін «шашып» жіберетіні анық.
Сондықтан заңгер А.Орынбектің «лицензиясы жоқ екен», «ол Э.Дүйсенқызынан 10 млн теңге алып алдап кетіпті», «алаяқтықтық жасапты» деген көпірме сөзді көбейтіп жатыр.
Жазықсыз адамды жөнсіз айыптайтын «үрит соқ-соқ» айтаққа «Орда.кз» сияқты сайттар мен Казачков, Әбенова сияқты блогерлердің де қосылып кетуі бекер емес.
Өйткені «Сарбасов ісінде» басты куәгер болып тұрған Айгүл Орынбектің «сөзі не, өзіне не, ол да Э.Дүйсенқызын алдап кетті» дегенге келтіріп беделін түсіруді көздеп отыр. Бұл «Сарбасов ісінің» құқықтық норманың ернеуінен асып төгіліп, саяси сипат алғанын көрсетеді.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото интернеттен.