Шынайы ақындар шықпаған жердің халқы өсекке құмар

0
146

Болашақтағы Қазақ әдебиетінің жағымпазданусыз жазылатын тарихы аға сыншылардың қолында емес, біздің қолда. Оған дауыңыз болмасын. Өйткені, олар татымайтын дүниені татымды етіп жағымсып, батыл айтуға дүниені айта алмай өлездік танытып жатады.

Бағалауға тиісті баланы жас көріп паңданады. Сондықтан мұндай сыншылардың бағы желкесінде емес, маңдайында. Яғни, өмірден қалай өтеді — ағыны құмға солай сіңеді.

Ақыны жоқ аймақтар бар бізде. 2017 жылдан бері поэзия, проза саласында көптеп шәкірт тәрбиелеп келемін. Сіздер ақын деп әлпештеген жасанды шумақ иелеріндей адамды жасау қиын емес. Өлеңге қызығатын, бұрын ешқандай өлең жазбаған адамды үш ай ішінде республикаға танымал болып жүргендердің қатарына шығаруға болады.

Бірақ, әрі қарай ұлы ақын болу-болмауы түпкі таланты мен еңбегіне байланысты. Сондықтан, ақын еместердің кесірлі істерін айтып ұлы өнерге кір келтірмеңіздер.

Қазақстанда 14 облыс болды. Қазір 17-ге көбейттік. Соның 9 облысында қолтаңбасы қайталанусыз ақын туды. Қалған 8-і бос тұр. Миллионға жуық Қазақ тұратын аймақтан өзегін өлең өртеген бірде бір «ақын» шықпау не деген қасірет!

Кейде ақыны жоқ аймақтардың жазармандарына жанталасып жүлде ұйымдастырып, ақша бөліп жатқанына, жең ұшынан жалғасып өздеріне бүйрек бұрғанын көргенде жаным ашиды. Бұл қастандық қой, өздеріне жасап жатқан.

Ол енді өзін ақын екенмін деп, бәйгелі бурылмын деп өмірі босқа ағып кетеді ғой. Жандарыңыз ашыса мықты ақындарды әкеліп, жас буынға әдеби тәрбие мектебін жасаңыздар. Сонда нағыз құрыштар шыңдалып шығады.

Шынайы ақындар шықпаған жердің халқы өсекке құмар, шындыққа шыңылтыр болып рухани жақтан тоза түседі. Өтірік ақын болып ауырып жүрген көп томар бастың бірі болмайық, өлеңсүйер ағайын! Еңбектенейік! «Қазақтың ең үздік 500 өлеңін» құрастырамын. Сол кезде көп нәрсе белгілі болады.

Шекара қазығының сыртына қарасам, Қарақалпақстаннан біреу, Моңғолиядан біреу, Қытайдағы Қазақтар шоғырлы тұратын 6 аймақтың үшеуінен «ақын» шықты.

Көкбөрі ҚИЗАТҰЛЫ.

(Facebook-тағы жазбасы)

Фото ашық дереккөзден алынды.