«Шыңғысхан — қазақ» деп әлемге масқара болмайықшы!

0
1026

Интернет иірімдерінде, әлеуметтік желілерде «Шыңғысхан қазақ па?», «Шыңғысханның бейіті қайда?» деген сұрақ әлі күнге дейін қызу талас тудыратын тақырып. 

Таяуда бір білгіш әлеуметтік желіде «Шыңғысхан — қазақ болған. Өмірінің соңына дейін мұсылман болған. Түркістандағы «Алаша хан» деген бейіт — Шыңғысханның бейіті. Шыңғысхан сол жерде жатыр. Жұрт таппасын деп «Алаша хан» деген. Әйтпесе, қазақ тарихында Алаша деген хан болмаған» деп бөсіп отыр.

Білесіз бе, Шыңғысханның қазақпен, күллі түркімен ешқандай байланысы болмаған болса екен. Түбіміз де, қанымыз да Шыңғысханмен еш байланысы жоқ болса екен. Мен осылай тілеймін. Неге?

«Шыңғысхан — түркіден шыққан» деген дәлел нақтыланды делік. Қуанасыз ба? Бойыңызды мақтаныш керней ме? Не деп қуанасыз? Не деп мақтанып, марқаясыз?

«Шыңғысхан бабам — батыр болған. Әлемді жаулаған. Мықты көреген саясаткер, данагөй әскери стратег болған» деп мақтанбақсыз ба?

Сізді тыңдап отырған орыс, неміс, кәріс тағы басқа ұлт өкілдері сізге қарап, өмірден түңіліп кетпей ме? Атынан әлем дірілдеген Шыңғысханның қазіргі ұрпағының түрі осы ма демей ме?

Түркіні қоя беріңіз, түркінің ішіндегі өзімізді алып қарайықшы. «Шыңғысханның ұрпағымын!» деп кеуде керетіндей халықпыз ба?

Осыған дейін орысша шұбарланған тіліміз қазір арабша айғыздалуда. Ата-бабамыз салып кеткен жолдан адасқалы қай заман?! Тарихымыз, әдебиетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз бәрі-бәрі быт-шыты шығып, қасақан бұрмаланып, қасақана мазаққа ұшырауда.

«Шыңғысханның ұрпағы!» деп мақтанатын еркектеріміздің бір бөлігі иегіне төрт тал сақал қойып, талақтың соңында әйелдерді жезөкше етіп жалмаңдап шауып жүр.

Ал келесі бір бөлігі өзінің кім екенін ұмытып, «Магжан Жумабаевич» дегенін мақтан тұтып, марқайып жүр.

Дүниеге келген 10 сәбиінің 7-8-і дімкәс, науқас елге айналдық. Көршісі не десе де, бас шұлғып, құлдық ұрып, құрақ ұшатын жалтақпыз.

«Батыр бабаларымыздан қалған жер!» деп қойып, сол жердің асты-үстін билігі түк қалдырмай жалмап, жұлмалап жеп жатқан елміз.

Әйел мен баланы қорлап, зорлап, жылатқан елміз. Қорған болуға тиіс қарттарымызды қаңғытқан елміз.

Осыдан кейін «Шыңғысханның ұрпағымын!» деп қай бетімізбен мақтанбақпыз? Ең дұрысы, Шыңғысханның бұл қазақпен ешбір байланысы дәлелденбесінші. Соңғы ұятымыздан айырылып, әлем алдында масқара болмайықшы.

Дайындаған — Хақназар САДЫРХАН.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.