«Сириядағы жағдай — таяз ойлайтын надандардың кесірінен болды» дейді дінтанушы
Сирияда не боп жатыр? Әуелі алыстан бастайық. Егер Сирияға жергілікті, исламдық көзқараспен қарасақ, менің ойымша, «Шам жамағаты» қатты қуанатындай ерекше себеп жоқ.
Себебі араб халқында осы жылдар ішінде түбегейлі ештеңе де өзгерген жоқ.
Сирияда 10 жыл бойы болған қиындықтар тек Асадтың жамандығынан немесе сыртқы күштердің сириялық қақтығысты әдейі қоздырғанынан емес, ең алдымен сирия халқының табиғаты, яғни олардың инфантильдігі мен таяз ойлау қабілетінің салдарынан болды.
Егер араб халқының құндылықтары дұрыс бағытта болғанда, олардың қоғамы Асад сияқты диктаторларды дүниеге әкелмес еді, ал сыртқы күштер олардың ішінде ешбір революция ұйымдастыра алмас еді.
Нақтырақ айтсақ ересек және жетілген қоғам мұндайға ешқашан жол бермейді. (айтпақшы бұл тек арабтарға ғана емес, көбінесе бізге,яғни қазақтарға да қатысты).
Сондықтан, қанша жерден ауқымды өзгерістер болғандай көрінсе де, дінге сенетін адамдардың өмірінде алдағы жылдары түбегейлі өзгерістер болмайды.
Бәлкім, тек Асад билігінің әлсіреуін пайдаланып, солтүстік-шығыстағы бұрынғы Сирия Араб Республикасының жерінде өз Күрдістанын құрғысы келетін күрд жасақтарымен қақтығыстар жаңа фазаға өтуі әбден мүмкін.
Енді негізгі мәселеге көшейік.
Сириядағы қақтығыстың өткір фазасы іс жүзінде бес жылдан астам уақыт бұрын, 2019 жылдың көктемінде, Бағуз қаласында экстремистік ұйым «ИГИЛ-ДАИШ» жеңілгеннен кейін аяқталды.
Содан бері «ИГИЛ-ДАИШ» жасырын күйге өтті, ал Джазира (Шығыс Сирия) аймағында күрд күштері, араб тайпалары және протүрік жасақтарының арасында қақтығыстар мезгіл-мезгіл тұтанып тұрды.
Ал «Хаят Тахрир аш-Шам», аль-Джуланидің басшылығымен, бес жылдан астам уақыт бойы сириялық армияның тұрақты қысымына ұшырап, елдегі сүннит күштерінің соңғы тірегіне айналды.
Алайда 2024 жылдың соңына қарай қызық оқиғалар орын ала бастады. Осы жылдар бойы шыншыл мұсылмандар ешқандай ресурсы мен техникасы жоқ күйде, тек Түркияның кездейсоқ қолдауына ғана сүйеніп отырды.
Бірақ кенеттен, күтпеген жерден, идлибтік жасақтар мен Сирияның еркін армиясының қалдықтары небәрі бірнеше апта ішінде соңғы 13 жылда өздері де, басқалар да қол жеткізе алмаған оң нәтижеге жетіп, Алеппо-Дамаскіні басып алды.
Әрине дінге соқыр түрде сенетіндер мен өмірінде критикалық ойлауға үйренбегендер үшін бұл оқиғалар айқын жеңіс болып көрінеді.
Алайда, шын мәнінде солай ма?!
Шынтуайтында соңғы бес жылда Идлибтегі «жылан ұясы» айтарлықтай еш өзгерген жоқ.
Сондықтан олардың кенеттен «нусейрит тағутына» қарсы шабуыл жасауға күші жетуі мүмкін емес еді.
Сол сияқты, «нусейрит тағуты» (Асад) да осы жылдар ішінде айтарлықтай әлсіреді деп айтуға келмейді, себебі сүнниттердің басым бөлігі бұрын Асадты қалай жек көрсе, қазір де дұшпандық пиғылда екені бәрімізге белгілі.
Ал алавиттер, христиандар мен друздар бұрын Асадты жақтағандай,яғни оған балама жоқ екенін және діншіл қауымның көпшілігінің ақымақтығы мен қатыгездігін білгендіктен, оны қолдады.
Енді сұрақ: кедейленген Сирия бұрын тиран Асадқа қарсы көтерілмеді, ал қазір аяқ астынан неге кенеттен қарсы шықты?!
Менің ойымша, бұған себеп, демек әлемдік ойыншылардың Таяу Шығыстағы күштердің тепе-теңдігін өзгертудің уақыты келді деген шешім қабылдауы деп білемін.
Егер сіз барлық осы жылдар бойы сириялық қақтығысты мұқият бақылап отырсаңыз, Асад әулетінің Сирияда билікті ұзақ уақыт ұстап тұруының басты себебі Иран мен Ресей екенін түсінер едіңіз.
Асад дәл осы елдердің арқасында АҚШ-тың демеушілігіндегі және Түркияның қолдауындағы ХТШ немесе Сирияның еркін армиясымен ғана емес,»ИГИЛ-ДАИШ»-пен де күресіп, аман қалды.
Сіз, мүмкін, «Иран мен Ресей Асадты не үшін сатты?» деп сұрауыңыз мүмкін.
Шындығы керек мен оны білмеймін.
Бірақ, менің ойымша, бұл жерде көптеген факторларды ескере отырып, бірнеше болжам жасауға болады:
- Сириядағы өзгерістер АҚШ-та Трамп кабинеті билікке келуге дайындалып жатқан кезде болып жатыр.
- Украина төңірегінде бейбітшілік туралы әңгімелер соңғы уақытта тым жиілеп кетті.
- Аль-Джулани CNN арнасына сұхбат беріп, көшеде әйелдерді хиджаб киюге мәжбүрлемеу туралы нұсқаулар бере бастады.
- Идлибтегі 50 мыңдай адамнан тұратын ХТШ жасақтары-
100 мыңдай ресурсы бар, яғни Ресей мен Иранның қолдауына ие сириялық армияға төтеп беруі өте күмәнді.
Меніңше, Сириядағы жағдай – соңғы 5 жылда әлемде жасанды түрде пайда болған жаңа басқарылатын хаостың бір бөлігі.
Бұл хаос ескі саяси-экономикалық жүйені бұзып, оның орнына Жаңа Әлемдік Тәртіпті құру үшін қажет.
Бір жағынан, Сириядағы өзгерістердің себептерін аталмыш аймақта іздеу қажет болмаса да, Таяу Шығыс жаһандық контексте маңызды рөл атқарады.
Сириядағы биліктің ауысуы аймақтағы қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан да осындай жағдайда Таяу Шығыстағы соғыстан қансырап жатқан елдер — соңғы егемендігінен айырылып, кез келген сыртқы талаптарды қабылдауға мәжбүр болады.
Қуаныш ӘЛІБЕК, дінтанушы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.