Солтүстікке құйылған миллиардтар қайда кетіп жатыр?

0
170

2023 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына тартылған инвестиция көлемі 445 миллиард теңгені құраған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 17 пайызға жоғары көрсеткіш екен. Алайда   Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай осынша миллиардтаған қаржыдай еселеніп жақсарды ма?

Солтүстік Қазақстан облысы елімізде инвестиция тартуда ең алдыңғы орындағы аймақ екен. Ол рас та. Бұл өңірде ірі кәсібін дөңгелетуді мақсат еткен шетелдік инвестор аз емес. Түрік дейсіз бе, француз дейсіз бе, әйтеуір ағылып келіп жатқан инвесторлар толастамайды. Алайда ауыз толтырып атқарылған нәтиженің халық игілігін көріп отыр ма? Негізгі мәселе осында емес пе?!

Миллиардтар қайда?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 2023 жылдың өзінде 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан аймақта неге ең болмаса бір проблема шешімін таппады? Салынып жатқан миллардтар құмға сіңетін су емесін ескерсек, ақша қайда құйылып, қайда кетіп жатыр? Салыстырып қарастырсақ, мысалы 2023 жылы Түркістан облысына 972 млрд. 31,8 млн. теңге инвестиция құйылыпты. Енді осы екі облыстың халық санын салыстырсақ, Түркістан облысында — 2 153 156 адам, ал Солтүстік Қазақстан облысында — 533 мың 400 адам бар екен.Екі облыс халқына жасалған жағдайды салыстыру тіпті күлкілі. Түркістан облысындағы ауылдың өзінде аттап бассаң, дүкен, базар, дәріхана,наубайхана, мектеп, медпункт табасыз. Ал Солтүстікте бір ауылда бір дүкеннің жұмыс істеп тұрғанын көрсеңіз, алақайлап қуанарсыз.

Халыққа пайдасы болды ма?

Теріскейде былтыр бір ғана агроөнеркәсіп саласына 175 млрд.теңге бөлінген. Ауыл шаруашылық аймағы саналатын бұл облыстың осы секторға бөлінген миллиардтары халыққа қаншалықты пайда берді? Агросалаға құйылған ақшаның нәтижесінде теріскей халқы сапалы, бағасы арзан ет, сүт, ұн өнімдерін тұтынып отыр ма? Керісінше, басқа өңірлермен салыстырғанда, теріскейдегі ет, сүт, ұн өнімдерінің сапасы да, бағасы да сын көтермейді. Бәлкім, бұл миллиардтар халықты жұмыспен қамтуда зор үлес қосқан болар дерсіз. 2022 жылы жұмыссыздық деңгейі — 4,8 пайызды, ал 2023 жылғы бұл деңгей — 4,9 пайызды құраған. Бір жылдағы айырмашылық ауыз толтырып айтарлықтай ма?

Жолдары жайрап жатқан ауылдар

2023 жылы қарапайым халыққа қажетті саналатын инфрақұрылымдар іске асырылып, пайдалануға берілгені саусақпен санарлық қана. Мысалы, Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылына барар қара жолдың бітуін халық екі жылдан бері күтіп жүр. Сондай-ақ Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына барар жолдың жайрап жатқанына да жылдардың жүзі болды. Мұнан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл ішіндегі жолдардың жағдайы кісі аярлық халде. Бетін жылтыратып асфальттаған жолдардың шеттері кертіліп, мүжіліп жатыр. Олай болса, Солтүстік Қазақстан облысына бюджеттен бөлінген қаржылар мен инвестор құйған ақшалар қайда кетіп жатыр? Әлде, облыс басшысы тұрғындарға тосын сый жасайын деп әр ауылдан дүкен, емхана, дәріхана мен еңселі жаңа мектептерді жасырып салып жатыр ма?

Ауыз су мәселесі шешілмеген

Облыс бойынша ауыз су мәселесі 85 пайызға шешілді деп қағазда есеп берген СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бәлкім триллиондап инвестиция тартқан Түркістан облысында болмаған шығар. Әйтпесе, ауыз су мәселесінің қалай 85 пайызға шешілетінін өз көзімен көрер еді. Мысалы, Түркістан облысында Сайрам ауданына қарасты Құтарыс деген шағын ауыл бар. Сол ауыл халқы таза суды үйінің ішіндегі краннан алып тұтынып отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысында мұндай жайлы жағдай жасалған ауылды итпен іздеп таппайсыз. Олай болса,халықты ауыз сумен  85 пайызға қамтыдық дегенде облыс әкімі Ғауез Торсанұлы нені меңзеді деген ой келеді.Айта кетерлігі, Түркістан облысында көмір тасып, күл шығаратын ауыл саны өте аз. Демек, ауыл халқының жағдайы қаладағы ағайынмен иық тірестіріп тұр. Ал теріскейде от жағу былай тұрсын, судың өзін шелекпен, бөшкемен тасып ішіп отырған жұрт бар. Олай болса, дамудан гөрі кері кетуі басым облысқа миллиардтап қаржы құю кімге тиімді? Құйылған қаржы халық ұшін пайдасы болмаса, кім үшін тиімді болып тұр сонда? Мінберлерден мақтанып айту үшін бе, әлде әлдекімнің қалтасын қампайту үшін бе?

Әкімнің есептері тастай 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасын ақтарып қарасаңыз,әйтеуір күн сайын бір жаңа нысанның ашылуы мен дүркіреп жұмыс істеп жатқан зауыттарда жүргенін көресіз. Айналдырған жарты миллионға жетер-жетпес халқы бар аймақта осыншама зауыт бар болса, осыншама өндіріс орындары расымен жұмыс істеп тұрса, неге жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан өзгермей тұр? Әлде теріскейдегі зауыт-кәсіпорындар роботпен жұмыс істейтін деңгейге жетіп қалған ба?

Тұралаған көш бағдарламасы

Мұнан бөлек, жыл сайын Солтүстік Қазақстан облысы басқа өңірден қоныс аударатын азаматтар үшін бюджеттен миллиондап қаржы алады. Бұл арнайы көші-қон бағдарламасының мақсаты да — өзге облыстан келген отбасыны тұрақты жұмыспен қамтып, баспана мәселесін шешуге күш салу болып табылады. Өкінішке қарай, теріскейге қоныс аударып, тұрақтап қалушыдан гөрі, кері қайтып кеткендер саны да азаймай тұр. Себеп? Себеп сол — Солтүстік Қазақстанда тұрақты жұмыс көзі жоқ. Баспана мәселесін сөз етудің өзі артық. Өйткені облыста сонау кеңес дәуіріндегі ғимараттардан басқа жаңадан бой көтерген нысандар саусақпен санарлық қана. Есесіне жылдар бойы бітпей тұрған құрылыс нысандарын көптеп кездестіруге болады.

Қорыта айтқанда, ел бюджеті мен шетелдік инвесторлардан Солтүстік Қазақстан облысына құйылып жатқан қаржыларды тиынына дейін санап, тексеретін уақыт келді. Ел тәуелсіздігін алғалы ширек ғасырдан асты. Ал Солтүстіктегі электр сымдары мен түрлі құбырларға дейін сонау кеңес дәуірінің жәдігері. Сонда ширек ғасыр бойы бұл аймақта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істелмегені ме, қалай? Миллиардтар қайда кетіп жатыр деп сұрау салатын уақыт жеткен жоқ па?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы.

Фото ашық дереккөзден алынды.