Солтүстікте жағдай ушығып барады

0
279

Еліміздің теріскейінде жағдай сағат санап, шиеленісе түсуде. Сергеев су қоймасынан сарқырай аққан сел облыс орталығы Петропавл қаласына келіп жетті деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Қазірге дейін әлеуметтік желі қолданушылар таратқан ақпараттардан тасқын судың арқырай облыс орталығы Қызылжарға жақын Бескөл ауылы маңына жеткеніне куә болып отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысындағы таныс кісілерге хабарласқанымызда, су тасқынына бөлек, қалада ауыз су мәселесі де ушығып тұрғанын айтады.

Дүкендерде ауыз суды топтап алған азаматтар (суретте) мен фильтр су кезегіне тұрғандар саны сағат санап артуда. Қызылжар қаласының біраз жерінде краннан ағатын ауыз су жоқ. Су тасқыны болмай жатып өңір халқы қарапайым мәселелердің қиындығын тартып жатса, сел басқан соң жағдай қалай болмақ?

Бұл аздай, қаладағы электр энергесиясы да бірқатар жерде кесілген. Мұны «Солтүстік Қазақстан электрожүйе компаниясының» өкілі де мәлімдеп, жарық беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын және ауыз су мәселесін шешу үшін жұмыстар жасалып жатқанын айтты.

«Қызылжар Су» АҚ мекемесі де апатты жағдай орын алғанын, таяу уақыттарда мәселенің шешілетінін айтып, хабарлама таратуда. Өкінішке қарай, әзірге тек уәде ғана беріліп отыр.

Алайда таяу минуттарда теңдей соғылысқан мұздарымен сел басқанда, жағдай қалай болып кетері белгісіз.