Солтүстіктегі Балуан ауылын сыртынан сатып жіберген

0
248

Солтүстік Қазақстан облысының ауылдары жылдан-жылға азайып, жойылып жатыр. Қазірдің өзінде облыстағы 33 елдімекеннің халық саны 10 адамға жетер-жетпес көрсеткіште. Сондай ауылдың — бірі Шал Ақын ауданына қарасты Балуан елдімекені деп жазады Democrat.kz. Ақпараттық порталының тілшісі.

Әп-әдемі ауылдың қазіргі жағдайы қорқынышты

Балуан — Кеңес дәуірінде мыңдаған тұрғыны, жүздеген ауласы бар үлкен ауыл болған. Климаты қатал теріскейдің қыс маусымында балуандықтардың үйі орталық жылыту жүйесімен жабдықталып, тұрғындар көмір тасып, пеш жақпаған екен. Ал ел тәуелсіздігін алған жылдары Балуан ауылында 360 орындық арнайы зертханасы, спорт залы бар үлкен мектептің іргетасы қаланған.

Ауылда бірнеше дүкен, мәдениет клубы, тақтайдай тегіс жолдары болған. Өкінішке қарай, қазіргі Балуан ауылының жағдайы кісі аярлық күйде. Ауыл қаңырап бос жатыр. Кезінде жұртты тамсантып, таңдай қақтырған үлкен мектеп қорқынышты фильмдердің декорациясындай, үңірейіп бос тұр.

Балуан ауылына қатысты мәселенің шиеленіскені сондай, бұл күнде ауыл тұрғындарының қақпаған есігі қалмағандай. Балуандықтарды әуре-сарсаңға салған не болды дерсіз. Жоғарыда сөз еткен бұл ауылды бір пысықайлар сыртынан сатып жіберген. Иә, кәдімгідей бір ауылды сатып жіберген.

Ал бұрынғы Балуан ауылының (қазір Балуанда небәрі 5-6 түтін ғана қалған) тұрғындары әділдік іздеп шарқ ұрып жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болды. Солтүстік Қазақстан облысы, Шал Ақын аданына қарасты Балуан ауылының 4000 гектардан астам жері талан-таражға түсіп, «ұстағанның-қолында, тістегеннің-аузында» кеткен. Сонау 2011 жылдан басталған жер дауының нүктесі қойылар емес.

Балуан ауылын сатып жіберген кім?

2009 жылы желтоқсан айында «Балуан СК» ЖШС-нің 4322 гектар жері жалпы жиналыс хаттамасы негізінде Қ.Таныбаевтың атына рәсімделеді. Кейін 2010 жылы бұл жер түсініксіз себептермен «Казипрохем Агро» серіктестігіне рәсімделіп кетеді. Осылайша, артынша аталған фирма басшысы Жанат Серғалиев деген азамат халықтың келісімінсіз жерді банкке кепілге қойып, элиталық тұқым сатып алады.

Ал оны кепілге қою үшін Серғалиев жалған құжат жасап, болмаған жиналыстан хаттама шығарған. Кейін кәсіпкер қарызды уақытылы өтей алмай, 2011 жылы мемлекеттік сот орындаушыларының шешімімен жер үшінші тұлғаға 25 миллион теңгеге сатылып кетеді. Ал ауыл халқы бұл жер саудасынан 10 жыл бойы хабарсыз болған.

Өйткені бастапқыда жұртқа жердің үлесінен дивиденд төленіп отырған. Біртіндеп ауыл халқы дивиденттен қағыла бастағанда, Балуанға тиесілі жердің әлдеқашан қолды болғанын біледі. «2009 жылдың 13 ақпандағы хаттамасымен, Шал ақын ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 21 желтоқсанындағы қаулысына сәйкес 4322 гектар жер Қ. Таныбаевтың атына заңсыз рәсімделіп отыр.

Себебі халық жалпы жиналыстың хаттамасына қол қоймаған, хаттама тек төраға ретінде Ж.Серғалиев пен хатшы Қ.Тортуловтың қолымен ғана бекітілген. Құжаттың өзінде кей азаматтардың аты-жөні дұрыс жазылмаған. Ал ауылдасымыз Нәйла Нұралина 2006 жылдан бастап АҚШ-та тұрып жатыр.

Бибігүл Балабатырова деген азаматшаның айтуынша, 2005 жылы Ресей Федерациясының азаматына тұрмысқа шығып, осы күнге дейін елге ат ізін салмаған екен. Жалпы ешкім бұл құжатты ол кезде өз көзімен көрмеген. Қызығы онда жерлестерімнің қолы қойылған.

Сорақысы бұл сенімхатпен хатамаларды Шал ақын ауданындағы «Воронченко» ЖК нотариусы қалай куәландырған? Құзырлы орган өкілдері аталған нотариусқа да тексеріс ашуы тиіс. Былықтың басы осы жерде жатыр деп ойламаймын. Себебі, тіркеу және есепке алу журналына ауыл тұрғындары мүлдем қол қоймаған», — дейді ауыл белсендісі Дихан Каршалов.

Жер дауына қатысты адвокат не дейді?

Осы жер дауында ауыл халқының құқығын қорғап жүрген адвокат Әсел Міржақып қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те, СҚО прокуратурасы мен Шал Ақын ауданының прокуратурасы да ауыл халқына қолдау көрсетудің орнына, керісінше түрлі кедергілер жасап бағуда екенін айтады.

Осыған байланысты Балуан ауылының тұрғындары құқығын қорғауды сұрап жоғары жаққа шағым түсіруді жоспарлап отыр екен.  «2010 жылғы 1 наурыздағы № 1524 анықтама жауабына сәйкес Әділет департаменті «Казипрохем Агро» ЖШС-нің директоры Жанат Сергалиевқа жерді өз атына тіркеуге рұқсат бермеген екен. Сол кезде бұрынғы Шал ақын ауданы әкімі, қазіргі ҚР ұлттық экономика вице министрі Азамат Әмрин 4322 гектар үлестік жер учаскесін Қайрат Таныбаевтың атынан тоқтатып, «Казипрохем агро» ЖШС атына тіркеу үшін әкімшілік атынан сенімхат берген.

Ал Жанат Серғалиев Шал ақын ауданы әкімдігінің қызметкері емес. Заң бойынша аудан әкімі жеке немесе заңды тұлғаға мемлекеттік мекеме атынан сенімхат беруге құқығы жоқ. Мәселені қазбалаған жұрт Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына дейін барды. Өйткені «Балуан СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бизнес сәйкестендіру нөмірі «Kazyna Construction Group» ЖШС  иелігіне өтіп кеткен. Ал ол Маңғыстау облысында тіркелген. Сондықтан талап арыз, сол жақта қаралды. Сот пайшылардың дәлелдерін қабылдады», — дейді заңгер Әсел Міржақып.

Жергілікті билік өкілдері неге үнсіз отыр?

Ауыл тұрғындары жерді «Кахипрохем-Агро» серіктестігіне беру туралы қаулының күшін жою мақсатында маңғыстаулық соттың шешімімен СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдаған. Өкінішке қарай, құзырлы орган өкілдері арызданушылар жердің сатылғанын білгенін, арада көп уақыт өткенін алға тартып, арызды қанағаттандырмай отыр.

Тұрғындардың айтуынша, сот процестері болып жатқанына қарамастан, Балуан аулының жеріне қазіргі таңда иелік етіп отырған «Айгүл» ШҚ-ның иесі жерді саудаға шығарып, тағы да сатып жібермек болған. Тұрғындардың талабымен судья Балуан ауылы халқына тиесілі жерді ауыстыруға, әрі сатуға шектеу қойды.

2023 жылғы желтоқсан айында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің қабылдауында болған Балуан ауылының тұрғындары сұрақтарына мардымды жауап ала алмады. Бұл кездесуге СҚО полиция Департаментінің басшысы Айдын Қабдулинов та қатысты.

ҚР Қылмыстық кодексінің 385 бабына сәйкес, қолдан құжат жасау бойынша іс қозғалуын сұраған ауыл тұрғындарына СҚО полиция Департаментінің басшысы Айдын Қабдулинов 4000-нан астам жерді сатқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалмайтынын, өйткені іс қарау мерзімінің өтіп кеткенін алға тартқан.

Облыс әкімі тарапынан Балуан ауылындағы мектептің сатылмай, мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселесі ғана сөз болды. Басқарып отырған облысындағы бір ауылдың тұрғындары алдына келіп, көмек сұрағанда, облыс басшысы Ғауез Торсанұлының Балуандағы мектепті мемлекет меншігіне қайтару мәселесінің төңірегінен шыға алмағаны қалай?

Тұтас бір ауыл жабылғалы тұр. Оны сақтап қалу үшін халық шырылдап жәрдем сұрап, әділеттік іздеп жүр. Сонда облыстағы басшы-қосшылар мен шенді-шекпенділерге бұл проблема маңызды емес пе? Әлде талан-таражға түскен Балуан ауылы жерінің артында әкім-қараның аузын аштырмай тұрған алпауыт біреу тұр ма?

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

Солтүстік Қазақстан.