Сонда бәріміз жақсымыз да, тек қазақ халқы ғана жаман ба?
Егер біреу «Қожалар – өте дарақы, өте мақтаншақ, өте парақор, өте жағымпаз, өте жалтақ, өте сатқын ру» деп жазса, осы руға қатысы бар бүкіл жұртшылық дүр көтеріліп, жазған адамды бұ жерден түре қуып, түтіп жер еді («қожаны» мен мысал үшін ғана айтып отырмын, оның орнына кез келген руды қоя салуға болады).
Ал «ҚАЗАҚ сондай» десе, «иә, иә, дұрыс айтасыз, сондай-сондай!» деп бас шұлғып: «Рас қой, сатқын екеніміз өтірік пе, жағымпаз екеніміз жалған ба еді, жалтақтығымызды неге жоққа шығарасыңдар?» – деп өре түрегеледі.
«Тағы біраз кемшілігіміз қалып қойыпты, оларды неге қоспаған?» деп азырқанып жүргендер де бар. Төбесіне біреу жуынды төксе, самайынан сорғалаған сулы-сілеңді тамсана жұтып, «рақат-ай!» деп разы кейіп танытатындар көп екен (бұ да садомазохизмнің бір түрі шығар, кім біледі).
Жекемізге шығып, жер-жебірімізге жетіп, «Жуындының дәмін неге ұнатпайсыңдар?» деп ұрысқандар да аз емес. Руын жамандаса – қарсы көтерілетін, ата-тегін қорғап, аузы ақкөбік болатын адамдар, Құданың құдіреті, халқын жамандаса – «Айта түс! Бәрекелді! Шап!» деп, айтыста отырғандай қопаңдап, шабыттанатын әдет тауыпты.
Өйткені, қарап отырсақ, «қазақ» деген …ешкім емес екен. Оны сынауға да, балағаттауға да, тіпті қорлауға да бәрінің құқы бар екен.
Бұрын қорлықты кеңестік орыс өкіметінен, сосын безбүйректігі жөнінен сол кеңестік орыстан кем түспейтін «кеңестік емес-міс» қазақ билігінен көрсе, енді оны ерінбеген екінің бірі езгілеп, әріп танитын адамның бәрі «әлімжеттік жасайтын» болыпты.
Фейсбуктегі адамдардың бәрі жақсы, тек қазақ қана жаман екен. «Қазақ» деген – ешқайсымызға қатысы жоқ, әйтеуір бір абстракт ұғым екен, тілі қышығанның бәрінің тілдеуіне ғана лайықты бір бейшара екен.
«Аты-жөні, түр-түсі жоқ, осы бір абстрактілі қазақты» қаралаудан оңай іс болмай тұр. Оған ешкім намыстанбайды, өре түрегелмейді.
Өйткені «Назарбаев – парақор, Мәсімов – сатқын» деп нақты айтып жатқан жоқ, «мына министр – алаяқ, анау әкім – жалтақ» та демейді, тек жалпылама боратып «ҚАЗАҚ СОНДАЙ!» дейді.
Сонда жейтін – біреулер, сататын – біреулер, мақтанатын – біреулер, алдайтын – біреулер, жағынып-жалпыштанатын – біреулер… Ал осының бәріне кінәлі кім? Кім болсын, кез келген нәрсеге кінәлі болу үшін жаралған ҚАЗАҚ деген халық бар емес пе?! Қазақ кінәлі!
«Қазақ сондай»! «Әй, дүниедегі сорлы мен қаскөйдің бәрі қазақтан шықса да, тұтас ұлтты сондай деп кесіп-пішу жарамас» деп мүдіретіндер сирек. Қазақты жамандағаннан рақат табатын тұтас буын өсіп шыққандай.
Олар қазақ деген халықтың төбесіне шығып алады да, алақанын ысқылап, төменге (яғни қазаққа) төне қарап, төрелік айтады. Сонда өздері кім? Тұтас қазаққа баға беретін құқықты олар қайдан алған?
Жалпы халықтың ішінде пара алмайтын-бермейтін, мақтаншақтық-дарақылықты жек көретін, жағымпаздық-жалтақтықты жаратпайтын, сатып кету дейтінді білмейтін адал, таза адамдардың да өмір сүріп жатқаны оларды ойлантпайды.
Бастысы – жеп жатқан, сатып жатқан, дарақыланып жатқан, жағынып жатқандардың ұлты қазақ па? Бітті, айтар сөз табылды: «қазақ – парақор, сатқын, дарақы, жағымпаз, т.б.»!
Және жай емес, ӨТЕ! Ал сол «өте парақор, өте сатқын, өте дарақы…» халықтан шығып отырған осы сөздің авторына МЫСАЛ ҮШІН: «Марқұм әкеңіз, қара жер хабар бермесін, сондай дарақы-даңғой кісі еді» немесе «Балаңыз нағыз жағымпаздың өзі болғалы тұр екен», – деп көріңізші; ең берісі – әкесінің керемет адам болғанын, баласының жақсы азамат болып өсіп келе жатқанын сізге толық дәлелдеп берер еді (солай екеніне еш күмәніміз жоқ), арысы – өзіңізді де оңдырмас еді.
О кісі ғана емес, бәріміз де сөйтер едік. Өйткені ол – әкеміз! Өйткені ол – баламыз! Жақсы. Бірақ сол әкелеріміз де – қазақ емес пе? Балаларымыз да қазақ қой? Демек, қазақ-әке – жақсы, қазақ-бала – жақсы.
Өзіміз туралы тіпті әңгіме жоқ, әкесі жақсы, баласы жақсы адам жаман бола ма; ғажаппыз ғой! Сонда бәріміз жақсымыз да, тек ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ғана жаман болып шыға ма?
Тұтас жағымпаздан, түгел парақордан, тегіс сатқыннан құралған ұлт болмайды. Сол секілді, жаппай жақсы адамнан тұратын халық та жоқ. Жалпы, парақорда, сатқында, жағымпазда… – ұлт болмайды.
Олар Жер бетіндегі барлық халықта кездеседі. Бірақ «сатқын халық», «парақор халық», «жалтақ халық» деген ұғымдар жоқ. Біз ғана ойлап тауып отырмыз.
Қызық, «әкең жаман» десе – өре түрегелеміз, «балаң жаман» десе – жағасына жармасамыз, «руың жаман» десе – тура қолында өлеміз. Ал «ХАЛҚЫҢ ЖАМАН», «ҚАЗАҚ ОҢБАҒАН» десе, неге «иә, иә, сондаймыз», «рас қой», «дұрыс айтасыз», «тағы да айта түсіңіз» дейміз? Неге?
Нағыз намыстанатын нәрсе осы ғой! «Қазақ» деген ең алдымен сіз, мен, ол… емес пе? Шын мәнінде, біз қазаққа айтылған ауыр сөздің бәрін өзімізге қадалған жебедей көруіміз керек қой!
Осы біз ҰЛТПЫЗ ба өзі? Әлде бір тілде сөйлейтін рулардың жиынтығымыз ба?
Өз басым Жер бетінде «өте сатқын емес, өте жағымпаз емес, өте мақтаншақ емес, өте дарақы емес, өте жалтақ емес, өте парақор емес» БІР ҚАЗАҚ бар болса, сол байғұс тірі кезде қазақ ұлтын тілдеуге қарсымын.
Ал халқыңызда адал бір адам да қалмады деп ойласаңыздар, қайғыларыңызға ортақпын.
Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.