«Сүлейменшілер» Президент Тоқаевқа хат жолдады

«Сүлейменшілер» де президент Тоқаевқа хат жазған, бірақ Қазақстан бюджетінен ақша сұраған жоқ. «Сүлейменшілер» — Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, Конституциясын бұзуға болмайтынын баяғыда түсінген тариқат.
Қазақстанда «сүлейменшілер» «Жібек жолы» қауымдастығына кіретін қайырымдылық мекемелер арқылы жұмыс істейді. Сопылық тариқаттың рухани көсемі Сүлеймен Хилми Тунахан бір кездері түркиялық нақышпандылардың пірі болған.
Осман империясы (халифаты) құлап, зайырлы Түрік республикасы құрылған соң реформатор Мұстафа Кемал (Ататүрік) исламистерді, сопылық тариқаттарды қысымға алғаны белгілі.
Сүлеймен Хилмидің де бастауыш медреселерін Білім министрлігіне күштеп кіргізіп, артынша медресе атаулыны жойып жіберді.
Кейін «сүлейменшілер» «Құран курстары» форматында діни насихат жүргізген, бірақ кемалистер билігі оны да жауып тынды.
Бұдан кейін «сүлейменшілер» «Шәкірттер үйі» (пансионат) форматына көшті. Түркиядағы кемалистердің ықпалы кеміген тұста, әсіресе Осман империясын аңсайтын Ережеп Ердоған Түркия билігіне келгелі «сүлейменшілердің» тынысы ашылды.
Қазақстандағы «сүлейменшілер» қазір дәл осы «Шәкірттер үйі» (пансионат) аясында әрекет етіп жатыр.
Мен оншақты жыл бұрын «сүлейменшілердің» пансионатында болдым. Пансионатқа тұрмысы нашар отбасылардың мектеп жасындағы балаларын қабылдайды екен.
Балаларға төрт мезгіл тамақ, жатын орын береді. Балалар пансионат маңындағы мектепке барып оқиды.
Оқушы баларға қамқорлық жасап, үй тапсырмасын дайындауға, түрік және ағылшын тілін үйретуге және т.б. көмек үшін пансионатқа оншақты студентті тұрғызып қояды.
Намаз оқуға, ораза ұстауға пансионаттағыларды ешкім мәжбүрлемейді. Дегенмен, балаларға ислам әдебін мен этикасы бойынша тәрбие беріледі.
Өз еркімен «намаз оқимын, ораза ұстаймын» дегендерге қарсылық жоқ. Оларға намазхана бөлмесін ашып қойған, ораза ұстағандарға ауызашар да ұйымдастырады.
Қазақстандағы «сүлейменшілер» үш-төрт жыл бұрын билік тарапынан қатты қысымға ұшырады, полиция пансионаттарға басып кіріп, бірнеше тәрбиешіні қамауға алды.
«Жібек жолы» қауымдастығына кіретін қайырымдылық мекемелердің кейбір басшылары Түркияға қашып құтылды. Кейбір мәліметте полицияның «сүлейменшілерге» қарсы айдап салған ҚМДБ басшылары екені айтылды.
Бұған дейін ҚМДБ мен «сүлейменшілер арасында «біріміз екіншіміздің жұмысымызға кедергі болмайық» деген сыңайда меморандум жасалған. Сол үшін «сүлейменшілер» қомақты хадия беріпті-мыс. ҚМДБ-ға Наурызбай Өтпенов төраға болып келген соң сол меморандумды біржақты бұзды.
Мүфтият тарапынан жасалған мұндай қысастықтың тағы бір себебі бар. ҚМДБ басшылығы «жамағаттан айырылып қалам ба» деп қатты қорқады.
Сондықтан мүфтият «зікірші-яссауищілерге», «гүленшілерге», «сүлейменшілерге», «құраншыларға», «тәңіршілерге» қарсы өшпенді саясат ұстанып, кейбір тариқаттарды терістеп арнайы пәтуа шығарып тастады.
«Сүлейменшілер» ҚМДБ мешіттерінде емес, өздерінің пансионаттарында жұма намаз өткізеді, бұл – шариғатқа қайшы» деген айыптау мүфтият имамдары тарапынан жиі айталады.
Мүфтият сайттарында «сүлейменшілерді» айыптайтын ондаған мақала басылған.
«Сүлейменшілер» ҚМДБ тарапынан жасалған қысымға да төтеп берді. Олар бұл жолы ҚМДБ төрағасы Наурызбай Өтпеновтің «патша көңілін» жайлауға ұмтылмады.
«Сүлейменшілер» бірден президент Тоқаевқа ашық хат жазды (скринді қараңыз). Олар ҚМДБ сияқты мемлекеттік бюджеттен ақша бөлуді сұраған жоқ, тек түркі халықтарының бірлігін күйттеп жүргенін айтты да, қойды.
Ал «сүлейменшілердің» басшылары Түркияның сыртқы істер министрлігіне шығып, екі елдің дипломатиялық жүйесі арқылы жағдайын реттеп алды. Қазір «сүлейменшілердің» пансионаттары қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
P.S. «Түркия биілігіне қайтадан кемалистер келсе, онда «гүленшілер» мен «сүлейменшілердің» жағдайы не болады?» деген сұрақтың жауабы келесі жазбада айтылады.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото автордың парақшасынан.