Светқали Нұржан: “Назарбаевтың пәрменімен бізге шабуыл жасалды”

NEGE тілшісіне берген сұхбатында көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан не себепті сопылық ілімнің елімізде діни экстремистік ағым ретінде танылғаны туралы айтып берді деп жазады Democrat.kz.
Өз сұхбатында Светқали Нұржан сопылық ілімнің насихатшыларының басынан қандай ауыр жағдайлар өткенін кеңінен тарқатып айтып берді. Сонымен қатар осы күнге дейін сопылық ілімінің тыйым салынған діндер қатарында тұрғанына ренішін де жасырмады.
“2010 жылдың тамызына дейін жақсы жұмыс істедік. Соның бел ортасында өзім болдым. Сол кезде «діни экстремистік ағым» деген бәлелі атақтар жабыла бастады, қазір де бұл «жала» алынған жоқ, сол күйінде қалды.
2010 жылдың Рамазан айы болатын. 19 тамыз күні бізге шабуыл басталды. Бұл тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен болды.
Әуелгіде «ол болуы мүмкін емес, бергі жағындағы салафиттер айдап салып отыр немесе солардың ықпалындағы құқық қорғау органдарының әрекеті» деп ойладық.
2011 жылдың қараша айында Назарбаевқа жасаған дұғамнан, ықыласымнан айрылдым. Оған дейін сеніп келдім. Себебі президент ретінде бірнеше жерде аузы қисаймастан «Қожа Ахмет Ясауи ілімі – біздің темірқазығымыз» деп айтқан еді.
Ең соңында белгілі азаматтарды түрмеге тоғытып қойып, 2011 жылдың сәуірінде Түркістанда өткен зиялы қауыммен басқосуында «Қытайлар Конфуций іліміне сүйенсе, біз Ясауи іліміне сүйенеміз» деген әңгімені өтірік айтқанын да білеміз.
Қысқасы, бұл Сауд Арабиясының ақшасына сатылған билік болды. Оның бер жағындағы Қайрат Сатыбалдыны Бекболат Тілеуханның қалай қақпанға түсіргенін де білемін. Қазір қайта сайрап жүрген Мұхамеджан Тазабеков те сол қатарда. Дегенмен, бізге үлкен алапат шабуыл жасалатынын да білдік.
Сол кезде «Үш қиян» республикалық тәуелсіз газетін шығардым. Бұлардың қатері туралы ашық әшкереледік, аяусыз күрестік. Өйткені елге келген жаудың жолын кеспесек, ертеңімізден не қайыр?! Ертеңгі күні рухани ажарымыз бен кескін-келбетіміздің қалай болып кететінін де іштей түсіндік. Өзімізді алдан қандай қатерлер күтіп тұрғанын бағамдасақ та, тәуекелге бел будық. Себебі әлемдік тәжірбиеде күллі террористік ағымдар бір ғана сценариймен жұмыс істейді. Олар әуелі елдің билеушісінің ең бір жақындарына улы қармақ жұтқызып қақпанға түсіреді, сөйтіп олардың қолымен ұлтты тұтастырып тұрған дәстүрлі сопылық ілімді құртуға кіріседі. Мысалы, Алжирден басталған «Араб көктемі» де дәл осы сыннан өткен бастап қанды тәсілмен жүзеге асты. Көптеген елдер солардың қанды дауылдарынан әлі құтыла алар емес. Қазақстанда да дәл солай болды.
Біздің қоғаммен, билікпен оң нәтижелі жұмыс істеген «Сенім. Білім. Өмір» атты қоғамдық бірлестігіне қарсы 300 адамнан тұратын тергеу тобы құрылып, 70 томдық қылмыстық іс тіркеліп, тергеу, тінту, сот процесі екі жарым жыл жүрді.
Әрбір адамның соңында үш көлікпен тыңшы жүрді. Бірақ тағылған айып, бірде бір бап дәлелденген жоқ. Осынау кесапат шабуылдың нәтижесінде жасы жетпістен асқан Исматулла ақсақал 14 жылға сотталып 9 жыл отырса, ал ғалым Саят Ыбырай 12 жыл жазаға кесіліп, 8 жылдан кейін шықты.
Одан басқа жігіттер де еш дәлелсіз қапасқа тоғытылды. Ең қызығы, мемлекеттен қаржыландырылатын «Хабар» телеарнасы бүкіл заңды белден басып үкім шықпай тұрып, сопыларға қарсы «Ақиқат» деген фильм-сымақты түсіріп, елге таратты.
Соны Маңғыстау телеарнасы бақандай 8 мәрте көрсетті. Соның ішіндегі кейіпкердің бірі ретінде мені бүкіл Маңғыстаудың той-садақасы сөз қылды.
– Демек, сол кезде жұрт сізді құбыжық кейпінде көрді ме?
– Дәл солай. Той-садақаларға мен кіріп барғанда гуілдеп отырған қаптаған жұрт әзірейіл көргендей жым болатын. Тіпті, «жаңа Қазақстан» да сол дәлелденбеген айып пен қарғыны әлі алған жоқ. Биыл 15 жылға қарады.
Әділетсіз шешім сол күйінде қалып, әлемде ылаң туғызып отырған қатерлі, қауіпті діни ағымдардың қатарында тұр. Тіпті, біздің ел бұл тізімнен Ауғанстан мемлекетінде төңкеріс жасап, мемлекетті басып алған «Талибан» қозғалысын да алып тастады. Бірақ Құдайдан басқа панасы жоқ, қазақтан басқа қарасы жоқ бейкүнә жастар сол қарғыны әлі тағынып жүр” дейді Светқали Нұржан.
Фото дереккөзден.