Сырттан келіп, «төр — менікі» дейтіндер көбеюде

0
299

«Со своим уставом в чужой монастырь не ходят» деген сөз бар. Бұл сөз қазір жиі қолданылады. Негізгі шығу тарихы дінмен тікелей байланысты.

Ресей империясында революцияға дейін әр монастырьдың өз жарлығы (уставы) болған деп оқып едім. Яғни ішкі ережесі ғой.

Ол ережеге келушілер тікелей бағынған. Басқа монастырьдан келген дін қызметкерлері де бағынып, сол ережемен жүрген. Сырттан келген адам ережені өзгерте алмаған.

Қазір осы сөз тұтас қоғамға қарата айтылып жүр. Сырттан келген азаматтар өздерінің ұстанымдарын қоса әкеліп, бұрыннан қалыптасқан жүйені өзгертуді қалайды.

Түркияда осыдан бір апта бұрын бір азамат Ататүріктің ескерткішін талқандап тастамақ болды. Видеосы тарап кетті. Ол Сириядан келген босқын екені айтылды.

Ескерткішті бұзбақ болғанның басты мотиві дінде адамға ескерткіш орнатуға болмайды және Ататүрік мұсылмандарды қудалаған дегенді айтқан.

Оны сол маңдағы Түркия азаматтары көріп қалып, әбден ұрып-cоқты. Полиция әлгіні алып кетті. Оған іс ашылмақ. Бұл бірінші мысал.

Бірнеше күн бұрын Гамбургте 2 мыңнан астам азамат жиналып, алдымен Германияда, сосын әлемде «Әлемдік халифат» құрылсын деп ұрандатты.

Олардың басым бөлігі Сирия, Ирак және Ауғанстаннан келген босқындар және Германиядағы «Хизбут-Тахрир» ұйымына мүшелер.

Оларға қоғам мен билік тарапынан қандай да бір Түркиядағыдай қарсы реакция байқалмады. Толеранттық деп жүріп, өз құндылықтарын түбі құрбандыққа шалып алмаса болғаны. Бұл екінші мысал.

Қазір біздің елге де «өз уставымен» кіріп жатқан жат ағымдар жетерлік. Ақырын қоғамның, биліктің тамырын басып көріп жүр.

Салтыңа, мәдениетіңе соқтығып қояды. Реакцияңды байқайды. Тіліңе, ата-бабаңа тиіп кетеді. Реакциядың байқайды.

Егер қарсы реакция таныта алмаса немесе тым әлсіз болса, онда шабуылды үдетеді. Ал қарсы реакция дегенміз не? Ең алдымен, дені дұрыс заң.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.