Тағы бір шенеунік парақор деген күдікке ілінді

0
84

Ұлытау облысы экология департаментінің басшысы 2,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2025 жылғы 6 қаңтарда Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық экология департаментінің басшысын ұстады. Шенеунік экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін кәсіпкерден 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді», — делінген хабарламада.

8 қаңтарда ол соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, басқа адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

2024 жылғы 26 тамызда күдікті бизнесті қорғау жобасы аясында кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есеп беру туралы заңсыз талаптар қойған.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.