Тағы да радикалдар ұсталды

0
282

Астана, Шымкент қалаларында және Атырау, Жамбыл облыстарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің прокуратурасы мен полиция бірлесіп діни радикалдардың әрекеттерінің жолын кесу бойынша іс-шара өткізді.

Лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен бес азамат ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Жедел қызметкерлер террористік әрекеттерге қатысуға, терроризмді насихаттауға, экстремистік әрекеттерді ұйымдастыруға және осы мақсатта адамдарды тартуға күдікті ретінде Қазақстанның 4 азаматы мен шетелдік азаматты ұстап, қамауға алды”, – делінген хабарламада.

Күдіктілердің тұрғылықты жерінен көптеген діни-экстремистік әдебиеттер мен өзге де заттай айғақтар табылған. Олардың бірі бұған дейін шет мемлекеттің аумағында соғыс әрекеттеріне қатысып, сол үшін Қазақстанда сотты болғаны анықталды. Тағы екеуінің үнемі «ауыр» есірткі қолданғаны туралы ақпарат тексеріліп жатыр.

“Қылмыстық кодекстің 256 (Терроризмді насихаттау немесе жария түрде террорлық акт жасауға шақыру), 257 (Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу), 259 (Террористiк немесе экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру) және 405-баптары (Қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметіне тыйым салу немесе тарату туралы сот шешімінен кейін олардың қызметін ұйымдастыру және оған қатысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сай, өзге ақпарат жарияланбайды”, – деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.

Фото интернеттен алынды.