Талғардағы қылмыс: Баланың басы қақ айырылып кеткен

0
935

Талғарда бір топ жігіт өлтіріп кеткен 16 жастағы Шерзаттың әпкесі мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Dalanews.kz

Марқұмның әпкесі Бақыт Реймованың сөзінше, полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмаған. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етті.

«Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді», — дейді Бақыт Реймова.

Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен.

«Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?», — дейді марқұмның әпкесі.

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.

Алматы облысының полициясы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — делінген ресми жауапта.

Төбелеске қатысқан Шерзаттың ағасына үш рет пышақ салғаны белгілі болды. Қазір ер адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген.

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Фото дереккөзден алынды.