Тәңіршілердің де қасиетті кітабы бар

0
289

Қоғам белсендісі Нұргүл Мұқышева ТикТок әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған видеода тәңіршілердің де өз кітабы барын мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.

«Дәл қазір көшпенділер ойыны болып жатыр. Көріңіз. Міне, осы көшпенділер ойыны — тәңіршілердің басты кітабы. Әр облыс осы көшпенділер ойынында көрініс қойып жатыр.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы сәукеле мен қыз ұзату көрінісін қойды. Бұл — тәңіршілдік кітабы. Өйткені сәукеле қалмақта, башқұртта, ханти-манти халықтарында, бүкіл ғұн ұрпақтарында бар. Қанша мешіт көбейсе де, шіркеу көбейсе де, оларды әлемге паш етіп, мақтанып, «біздің өркениет» деп сіздер көрсете алмайсыздар.

Ал тәңіршілердің танымын, ұстанған сенімін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін, ойындарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын Қазақстан бүкіл әлемге паш етіп, мақтанып, марқайып көрсетіп жатыр.

Міне, тәңіршілдік дүниетанымының, тәңіршілдік ұстанымның, қағидалардың бұрын да болғанының, қазір де барының, бола беретінінің басты дәлелі — Астанада өтіп жатқан Көшпенділер спорттық-ойын жарысы.

Басқа діндегілердің осындай дүниелерін неге көрсетпейді? Себебі,  қазақ деген ұлттың басты дүниетанымы, наным-сенімі — тәңіршілдік болғаны үшін осындай халықаралық іс-шара өткізілуде», — дейді Нұргүл Мұқышева.

Осыған ұқсас пікірді түріктің танымал ғалымы, профессор Өзгүр Шенол да айтты: «Күллі түркі халқы семиттердің діні келмей тұрып та ұлы бір күштің барына сенетін.

Түркілердің күнделікті өмір салтындағы әрбір әрекеті ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтар. Қазақстанда өтіп жатқан Көшпенділер ойынының ашылу салтанатындағы көкбөрі сахналық көрінісі не үшін көрсетілді? Басқа-басқа осы Көшпенділер ойынындағы эмблема, ондағы жазуға мән бердіңіз бе? Арабша емес, көне түркі таңбасына ұқсатып жазылуы көп жайтты аңғартса керек-ті.

Себебі түркі халқының наным-сенімі Көк тәңірі болса, тотемі — көкбөрі. «Тәңіршілердің қасиетті кітабы жоқ» деген сорлы сылтауды алға тартатын сауатсыздар бар.

Тәңіршілердің, түркілердің тайға таңба басқандай киелі кітабы — бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, наным-сенімі. Түркілердің киелі кітабы — қолдан-қолға өтетін қағаз кітап емес, олардың кітабы жүректен-жүрекке, қаннан-қанға өтетін қасиетімен ерекше».

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.