«Татар бар жерде қатер бар» мақалы қайдан шыққан?

0
376

«Татар бар жерде қатер бар»– осы мақалды қазақ әжелері мен аталардан көп естимін. Осыған сүйеніп, ата-аналар «татар қызын алма, татар жігітке тиме» деп жатады, себебі көбісі бұл мақалдың қайдан шыққанын білмейді.

Бұл мақал исламға, әсіресе молдаларға тікелей байланысты. Қазақ қоғамында молдаларды аса жақтыртпайтын.

«Молданың айтқанын істе, істегенін істеме»

«Отты жерде мал семіреді, өлік көп жерде молда семіреді»

– секілді мақалдардан бұл айқын көрініп тұр. Тіпті Абайдың өзі «Сегіз аяқ» шығармасында табыт қағып, өлім шақырған молдалар туралы айтып кеткен.

Ол заманда молдалардың негізгі табыс көзі – өліктерде құран оқып, жаназасын шығару болған. Сондықтан өлік көп жерге молдалар келетін, ал өлімдер азайса, ақшаны ойлап, өлімді шақырып жүретін болған.

Орта ғасырда қазақ жерінде болған бір жағдай туралы деректер де бар:

Кейбір арам ойлы молдалар ойлап тапқан «индульгенция» – молдаға бір түйе берсең, ол сенің барлық күнәңді өзіне алып алады, ал сен күнәсіз, таза болып шыға келесің. Ол, әрине, исламмен еш қатысы жоқ нәрсе.

Қазақтар ислам дінін ұстанғанымен, Қожа Ахмет Ясауи бастаған тариқат жолындағы сопылық ислам басым болды.

18-19 ғасырларда қазақ жеріне дін тарату үшін Патшалық Ресейден татар молдалар қаптап келеді. Қазақтар арасында молда кейіпі татарлармен байланысты болып қалады. Бір қатер болып, өлік көбейген кезде көбейетін молдалар көбінесе татар молдалары болады.

Сондықтан, «татар бар жерде қатер бар» сөзі «өлік көп жерде молда семіреді» сөзінің бір нұсқасы десек болады, яғни қазіргі татар ұлтына қатысы жоқ мақал.

Нұрқожа ЕРСАЙЫН,

әлеуметтік желі жазбалары. 

Фото интернеттен алынды.