Тәуелсіздік күнін сезінбей — ертеңге ұмтылу мүмкін емес
Мен Республика күні мен Тәуелсіздік күнін түк те сезіне алмадым! Елде ондай мерекелер жоқ сияқты. Жай ғана «Құрылысшылар күні», «Мұғалімдер күні» дегендей, көптің бірі болып өте шығады.
Бодандықтан көрген қорлықтан сабақ алып, болашаққа қалай ұмтылу керектігін білмейміз. Шетімізден мәңгүрт, наданбыз! Ал билігіңе сондай «қойлар» керек.
Сезінейінші деп «Аллажар», «Қызғыш құс» фильмдерін қайта көрдім, «Желтоқсан желі» әнін ыңылдап бірнеше рет орындап шықтым. Олардың да еш әсері жоқ. Неге дейсіз ғой?
Себебі олар 90-жылдары азаттыққа әупірімдеп қол жеткіздік деп ойлаған кезімізде рухымызды жанған болатын. Мысалы, «Аллажар» фильмін түсіргенде Назарбаевтың кланы билікте отырған, ұлттық идеологиясы тұншыққан, техника, технологиясы ескі, тоқыраудан тапырақтап шыға алмай жатқан заман өкілі едік.
Режиссері Қалдыбай Әбенов мүгедектер арбасына таңылып, жалғыз өзі шарқ ұрып, шындық іздеп шырылдап жүргенде, бауырым деп бағаламадық, еңіреген ерім-ай деп елемедік. «Желтоқсан желі», «Қарабауыр қасқалдақ» әндерін «Қайдасыңдар, тәтелер?» деңгейіндегі «хиттардың» тасасына апарып тығып тастадық. Желтоқсанға қатысқандардың ұйымына қарсы қатыспағандардың ұйымын құрып, оларды «сен кімсің, мен кіммін» дегізіп, өзара ұрыстырып қойдық. Қазір ол ұйымдардың бар-жоғы да белгісіз.
Әй, біз әзір ел болмаймыз! Себебі қазіргі билігіңізде де сол Горбачев, Назарбаевтардың «мектебінен өткен» кеңестік сарқыншақтар отыр. 70-80-жылдары дүниеге келгендер бар ғой дерсіз? Оларың да сол сарқыншақтардың қаспағы ғана.
Шын мәнінде құр «аузымен орақ орған өңкей қиқым»! Экранда елдің сөзін сөйлеп отыр деп сеніп қалмаңыздар! Қарны тоқ, көйлегі көк, өз отбасының жағдайы жақсы болса болды, сіз бен бізді қайтсын, сценарийлі заржақ, жағымпаздар?
Билікке «тәуелсіздік құрдастары» да емес, 2000-жылдары туғандар келгеннен бастап қоғам жаңарып, жаңғыруы мүмкін.
Алайда түбі шикі тексіздердің 2022-2023 жылы туған балалардың да тілін орысша шығарып және көбінің әлі оң-солын танымайтын сәбилерді тұмшалап, орап тастап жатқанын көріп жүрсіздер…
Өнер, шығармашылыққа қайта оралайық:
- Қазір болмаса да болашақта Желтоқсан шындығын аша түсетін, сапасы мен мазмұны «Аллажардан» да мықты фильмдер түсірілуі керек!
Кеңес заманындағы қазақ шопандарының мыжырайған, 3-6 қанатты оншақты киіз үйін тігіп, актерларға театрлардың қоймасында жатқан жұпыны киімдерін кигізіп қойып, қазақтың жер бетінде жоқ жоңғармен соғысқаны жөніндегі «тарихы», тұлғалары туралы киносымақ түсіргенсіп, «ел үшін», «халық үшін» деп өтірік патриот болып, талғамнан жұрдай көрерменнің арқасында қалта қампайтуды қояйық, жігіттер! Онсыз да көрерменнің қаржысына байып отырған сендерге, Олимпиададан, турнирден «біреудің тұмсығын бұзып келгені үшін» мемлекет тарапынан қыруар марапатқа көміліп жатқан спортшыларға пәтер сыйлап, көлік мінгізе қойып, сол показухасымен «меценат» атанып жүрген, қара халыққа көз қиығын да салмайтын кәсіпкерлерге де өз жолыңды біл дер едім.
Шынымен байлығы тасып бара жатса, ұлттық құндылықтарды дамытуға, қазақтың рухын көтеруге жұмсасын ақшасын! Өйтпесе, біреудің атақ-даңқы арқасында өз кәсібін жарнамалай қоюдан аулақ жүрсін! Сыйлық қабылдаушылардың сол пәтер, көліктерін сатып жіберіп жатқанымен шаруасы да жоқ. Өйткені бір сәт өз аты аталып қалса болды оларға))
- «Бодандыққа енді мойынсұна алмаймыз» деген сарындағы, қазіргі қазақтың өлі рухын тірілтетін, мүсәпір кейпінен дүр сілкініп шығатындай азаматтық жырлар көбейсін!
- «Ескі» һәм «жаңа» Қазақстанның қоясын қопаратын роман, повестер қажет!
Қайда, әлгі Жазушылар одағының пәленбай мүшесі? Билікке кіретін есік-тесіктердің маңайында мүше болып қақиып, салбырап жүре бермей, өз заманының шындығын жазып кетуі керек қой!
Алатын сыйлықтарыңды алып, қуыс кеудеге тағатын сөлкебайларыңды тағып болдыңдар емес пе? Енді іске кірісейік те, жазғыш жазғандар-ау!
Әзірге айтарым – осы! Орыстілді биліктің ұртоқпақтары сілтенбесе, бұл тақырыпты әлі де қаузаймыз…
Еркеғали БЕЙСЕН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.