Тәуіптердің табысы қанша?

0
210

“Бишімбаев тәуіп-көріпкелге қаралып, ақыл-кеңес алады” деген хабардан кейін қоғамда тәуіп, бақсы-балгерге деген сұраныс артқан ба, әлде бұрыннан солай ма, еді, әйтеуір карта салып, болашағыңды болжайтындардың бағасы артқан сияқты.

Өкінішті болса да, бізде әлі күнге дейін тылсым күштерге, сиқырлы әлемге сенетіндер өте көп. Ең өкініштісі де сол, әлгіндей тәуіптерге қараң, надандар емес, қалтасында табақтай дипломы, білдей қызметі бар кісілер көбірек жүгінеді екен.

Бұл нені білдіреді? Әрине, ең біріншіден, тәуіп, бақсы-балгерге қорқақ, өзіне сенімі жоқ, ынжық, өзін армандармен жұбатуды сүйетін шарасыз кісілер көп барады. Десек те, әлеуметтік желілерде онлайн бал ашып, түрлі сиқыр-дұға жасап отырған бірнеше кісіге арнайы хабарласып, бағасын сұрап көрдік.

Өзін Эсмара деп таныстырған көріпкел тек Таро картасымен жұмыс істейтінін, кез келген тілегімізді орындап беретінін айтып, бір рет карта ашу құнын — 20 мың теңге деді. Егер картамызға керемет болашақ түсіп, сол кереметке қол жеткізгіміз келсе, әр сеансқа 15 мың теңгеден төлеуге тиіспіз.

Қанша сеанс деген сұраққа “ең азы 10-15 сеанс жүреді” деді. Астаналық Марго есімді балгер суретке қарап болжам жасайды екен. Бір рет суретке қарауы — 35000 теңге. Жол аштыру — 50 000 теңге. Сүйгеніңді кері қайтару — 75000 теңге. Саған жамандық жасаған кісіден кек қайтару — 100-150 мың теңгенің арасында екен.

Тәуіп- құшынаштың ең көбі Түркістан облысында көрінеді. Бір ғана Шымкент қаласынан мыңдаған бақсы-балгердің нөмірін таптық. Бәсекелестік жоғары ма, әйтеуір шымкенттік тәуіптердің қызметі 3000 теңгеден бастап, ақырындап өседі.

Өзін татармын деп таныстырған Дильназ кез келген қара магияның түрін жасап беретініне сендірді. “Жеңгем мен ағамның арасы дұрыс емес еді” дегеніміз сол еді, “жеңгең ағаңды дуалап алған. Ағаң жеңгеңнен кете алмайды.

Қаласаң, жеңгеңнің жасағанын өзіне қайтарып, есінен адастырып жіберейін бе? Бағасы 350 мың теңге” деді. Неге қымбат деген сұрағымызға “мен әруақтар мен жындармен тікелей байланыс орнатамын.

Көп энергия жұмсаймын. Зират басына барып, суреттерін зират топырағына көмемін, мұның бәрі еңбек!” деп кесіп айтты. Сондай-ақ шымкенттік тәуіптерге хабарласып білгеніміз, көбісі ә дегеннен “сиқыр, дуа жасап беремін, жол ашам” деген қызметтерін ұсынды.

Ал алматылық тәуіп-бақсылардың басым бөлігі телефонда ештеңе айтпайтынын, қажет болса, алдын-ала кездесуге жазылуды ұсынды. Алдын-ала жазылмақ болғанымызда, ең жақын кездесу уақытының 15-20 күннен кейін болатынын естіп, телефон тұтқасын қоя салдық.

Мұндай көріпкел, бақсы-балгер, тәуіп-құшынаш еліміздің барлық өңірінде бар. Барлығы да осындай дүниелерге сенгісі келетін адамдар арқылы қыруар ақша тауып, кәдімгідей жағдайларын жасап алған да. Үйде отырып, телефоннан ақыл айтып, түрлі болжам жасай салып күніне 10-15 мың теңге тапсаңыз, айына 300-350 мың теңге табыс аз ба?

“17 жыл отасқан күйеуім екі баламмен тастап кетті. Басқа әйелге кетті. Туыстарының да, достарының да сөзін тыңдамады. Ажырастық. Алайда ішімді өртеген қызғаныштан өзімді жеп қоя жаздадым.

Сондай күннің бірінде әпкем тәуіпке пал аштырып көрейік деп ертіп апарды. Әлгі тәуіп бүкіл өмірімді қолға қойғандай етіп айтып берді. Таңғалдым. Тіпті күйеуімді кері қайтарып беремін деп сендірді. Шай, қант, тұз әкелесің деді. Апардым. Дұға оқып, дем салып берді.

Келесі жолы ай толғанда суреттеріңді әкел деді. Апардым. Қысқасы ананы әкел, мынаны әкел деп әр апарған затымды оқығаны үшін 10-15 мың теңгеден ақша алып отырды. Қазір есептеп қарасам, сол бір тәуіп апаға 600-700 мың теңгемді беріппін. Бір жыл сандалдым.

Түк шықпады. Сол кезде тәуіптердің нағыз алаяқ екенін түсіндім. Қиналған, қорыққан адамдар — тәуіптердің жемтігі”,- дейді бізбен әңгімесінде шымкенттік Айнұр Сағымбай.

Ал сіз, тәуіп, бақсы-балгерге сенесіз бе?

Самал МӘДИ,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.