Теріс ағымдағы дүмшені қалай тануға болады?

0
647

Жат ағымдардың басым бөлігіне тән сипат – тек өздерінің ұстанған жолын дұрыс деп санауы. Ал мұндай ұйымдарға әлі сыни пікірі қалыптаспаған адамдар мен діни сауаты мен білімі төмен жандар алданып жатады.

Ендеше қандай да бір жат ағымдардан сақтанудың жолдары қандай? Ал жақындарымыз осындай ұйымдардың арбауына түссе, қалай көмектесеміз? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының директоры, PhD Алмасбек Шағырбай түсіндіріп берді.

Теріс пиғылды діни ағымдардың негізгі белгілері қандай?

Дінтану орталығының директорының айтуынша, теріс пиғылды діни ағымдардың басым бөлігіне тән сипат – тек өздерінің ұстанған жолын дұрыс деп санауы.

“Олар зайырлы мемлекеттің заңдарын жоққа шығарады. Тарихи мәдени ескерткіштерді, халық ертегілерін, жыр-дастандарды, салт-дәстүрді жоққа шығарады, маңызын құнсыздандырады.

Олар бірінші кезекте отбасы институтын нығайтуға сызат түсіретін дүниелерді алға тартады. Өздерінің айтқаны ғана дұрыс, қалғандары бұрыс деген түсінікті таңады.

Үлкендерді тыңдамау, ұлттық құндылықтарға негізделген дүниелерге қарсы шығу, оқшауланып, белгілі бір топ болып жүру сияқты әрекеттерді құп көруі мүмкін.

Белгілі бір сұрақ туған кезде басқалармен пікір таластырып, ой жүгіртуге, пікірлесуге қарсы болады. Бір дәлелді, тарихи, мәдени кітаптағы дүниелерді айтса, «біз мұндай дүниелерді тыңдамаймыз, себебі біздің жүрегімізге күдік ұялатуы мүмкін» деген сияқты пікір айтуы мүмкін.

Олар пікірталастан, белгілі бір мәселенің ашығына жетуден бас тартады. Тек біздікі дұрыс деген қасаң қағиданы ұстанады”, – деп түсіндірді Алмасбек Шағырбай.

Экстремистік діни ағымдарға көбіне кімдер ұшырайды?

Маманның сөзінше, экстремистік діни ағымдарға көбіне өзінің сыни пікірі жоқ адамдар ұшырайды. Екіншіден, әлі ойын қалыптастырып үлгермеген жандар алдануы мүмкін. Үшіншіден, діни сауаты мен білімі төмен, тарихтан хабары жоқ жастар ұшырап жатады.

“Бірақ біз бір категорияны барлығына таңа алмаймыз. Себебі әртүрлі жағдай болады. Кей кезде ЖОО бітірген, қос дипломы бар, оқыған азаматтар да осындай экстремистік діни ағымдарға кетіп қалып жатады.

Әлеуметтік фактор бар, араласатын ортасының ықпалы деген секілді бірнеше факторларды келтіруге болады. Қыз балалар болса, жолдастарының ұсынысымен шетелге барып білім аламыз деп осындай ағымдардың қатарын толықтырған мысалдар көп.

Cонымен қатар теріс діни ағым өкілдері қоғамнан әділдік таппадық деп, наразы көңіл-күйде жүрген топтың адамдарын да өзіне тартады. Оларды “бізге қосылсаңдар, 100% керемет қоғамда өмір сүресіңдер” деген иллюзияға сендіріп, өз мүдделері үшін қолшоқпарға айналдыратындар бар. Осылай құрбан болып кеткен топтар да жетерлік”, – деді маман.

Алмасбек Шағырбайдың айтуынша, ағымдардың жетегіне ермеуге ең әуелі адамның сауаты көмектеседі. Ал алғашқы діни дұрыс ақпараттар отбасыда айтылуы керек.

“Қандай да бір ағымдардан сақтанудың жолы ретінде бірінші кезекте азаматтардың діни сауаты болуы шарт. Бұл мәселеде бізге ақпарат беретін мектептердегі дінтану пәні дұрыс жүргізілуі маңызды.

Бұл пән арқылы біз әлемдік діндер, ұлттық діндер, халықтық діндер, түрлі ағымдар туралы ақпарат аламыз. Осы ақпараттар негізінде жастарда антивирус секілді ағымдарға қарсы имунитет қалыптасады.

Келесі мәселе – жастардың ортасы. Ата-аналар бұл жағдайды назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл ретте отбасы институтындағы берілетін тәрбие, ата-аналардың жасөспірімдерге айтатын бағыт-бағдарыда үлкен рөл атқарады.

Бала отбасында діни сұрақтарға дер кезінде жауап алмаса, ол бұл сұрақтардың жауабын әлеуметтік желілерден іздей бастайды. Ал әлеуметтік желілерден ақпарат іздеу барысында әртүрлі жат ағымдарға, солардың қатарына қосылып кету ықтималдығы жоғары”, – деп түсіндірді маман.

Адасқан жақындарымызға қалай көмектесе аламыз?

Таныстарымыз бен туыстарымыздың осындай бір ағымдарға кетіп қалу қаупі болса немесе олардың бойынан оқшаулану, тұйықталу секілді белгілерді сезсек, ол кезде дінтанушы мамандардың көмегіне жүгіну қажет.

Ондай көмекті республика бойынша қауырт желілерге хабарласу арқылы, Дін істері комитетінің «Кеңес беру және оңалту орталықтары» арқылы алуға болады.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығында» жыл сайын психолог және теолог маманның қатысуымен кездесулер өткізіліп тұрады.

Сұхбаттар барысында еліміздегі зайырлы қоғамның құндылықтары, дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабының тарихи рөлі жайлы түсіндірме жұмысы ұйымдастырылды.

Егер жақыныңыз экстремистік діни ағымның ықпалына ұшыраса, «Кеңес беру және оңалту орталығының» жедел желісіне хабарласуға болады.

Әйелдер үшін: +7 700 74 20 566
Ерлер үшін: +7 700 74 20 565