Теріс діни ағым өкілдері қалай көбейді?

0
209

Жалпы, адамзатты ізлігікке шақырған дұрыс. Осындай формадағы жазбаны ҚМДБ немесе оның  өкілі «баррикаданың» екінші жағында жүрген әсіредіншілдерге бағыттаса, құба-құп болар еді.

Исламға, дінге қатысты қоғамда ащы сыни пікірлердің қалыптасуына, туындауына сол санаттағы кісілер себеп. Бұрын (алысқа кетпей, өзіміздің бала кезімізді алайықшы) ондай шолақ ойлы, қысқа балақты, жалбыр сақалды, табиғи болмысы қазаққа ұқсамайтын, салтын, дәстүрін, аспабын арамға телімейтін адамдар жоқ кезде ел ішінде дінге, исламға қатысты теріс көзқарас жоқ болатын.

Сонда не ықпал етті? Әрине, бірінші — интернет. Қолында смартфоны бар кез келген адам стрим жасап, ойына келгенді айтып, дін мен діни түсініктің күл-талқанын шығарды. Осы тенденцияның күш алып бара жатқанын мониторить ету арқылы ҚМДБ олардың жолын кесуге атсалысуы керек еді.

Интернетін үзіп, телефонын тартып алмаса да, төбе көрсеткен теріс ағымдағы кісілердің видеокомменттеріне, пікірлеріне тез реакция білдіріп, елдегі басты діни ұйымның позициясын ашық көрсетіп, ісінің, айтқан сөзінің дұрыс емес екенін айтып, түсіндіріп, адасып жүрсе, діни сауатын жетілдіруге үн қосса, бағыт-бағдар беріп отырса, олармен жәй адамдар емес ҚМДБ-ның өзі насихат арқылы, ағарту ісі арқылы күресіп отырса, былайша жұрт та ойланар еді.

Әйтеуір теріс ағыммен күресіп жатқан бір ресми орын бар деп сабасына түсер еді. Бұл жақтан уақытында реакция болмағандықтан, ҚМДБ қамсыз, үнсіз отырып қалғандықтан, амал жоқ, ол «миссияны» жұрт өзіне қалай алып қойғанын білмей қалды. Өйткені қоғамда шынымен де діни көзқарас өзгеріп, береке кетті.

Өздері шығарып алған түрлі (бәлкім қатал да радикал) қағидалардың кесірінен туыстар арасында сыйластық кетті, бір-бірін түсінбейді, асты талғап ішеді, өзіне «сенімді» намазхан адам ғана сойған малдың етін  жейді, қалғаны — харам (онысы — арам) дейді, үйімізге шақыруға, алдына ас тартуға қымсынатын болдық.

Үйде төрімізде тұрған домбырамызға тиіседі. Бұрын болды ма осы? Болған жоқ. Ол кезде дінге де ешкім тиіскен жоқ. Имамдарға құрметпен қарады. Сыйлады. Сондықтан, таяқтың екінші ұшы барын ұмытпай, сол тарапқа да бір әу деп қойсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

 Нұрболат Туысбайұлының

Facebook жазбасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.