«Теріскейге көшу» туралы Түркістан облысында арнайы жиын өтеді
Солтүстік Қазақстаннан жолға шыққан арнайы өкілдер Түркістан облысында «Оңтүстіктен — Солтүстікке көшу» бойынша жиын өткізеді деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл ақпарат туралы «TAUEKEL» қоғамдық қорының жетекшісі Бурахан Дақанов өзінің әлеуметтік желі парақшасында жазып, хабарлады.
«Ағайын, екі күннен кейін (яғни, ертең) «TAUEKEL» деп қасиетті Түркістанға көш мәселесімен аттанамыз. Аяғымыз шырайлы Шымкентке тие салысымен ары қарай Сайрам, Ордабасы, Түркістан, Отырар, Шардара, Жетісай, Келес жұртымен кездесеміз.
Басты мақсат, Солтүстік көшіне дем, ерік жігер беру. Қысқасы, жорыққа бөлінген үш күн бойы, киелі Түркістанның жұртына Солтүстіктің артықшылығын, табиғатын, мүмкіндіктерін аузымның суын құртып тұрып айтатын боламын).
Әнуар атты ер бастаған үш жігіт боп барып, 30 Қазақ боп қайтқымыз келеді. Осыған сіздердің көмек, қолдауыңыз қажет.
Онымен қоса осындағы, бізді қолдайтын азаматтарды сол күндері кездесуде көрсем деймін, осы уақытқа дейін берген қолдаулары, атойлап дем бергені үшін қолдарын ұстап рахмет айтқым келеді.
Оның үстіне, жыл бұрынғы, Солтүстікке әкелген бір автобус дәстүрін жалғастыратын демеушіде іздеп жатырмыз. Солтүстікке келіп, көріп қайтамыз деген адамдар саны аз емес, бірақ демеуші жағы қиындау. Әгәрәкім, бір автобус шығарып, аттандырамыз деген елім, жерім деген кәсіпкер ерлер болса, біз дайынбыз.
Пысы: мына жазбаны Оңтүстіктің топтарына барынша таратып жіберулеріңізді сұраймын. Кездесу уақытын, орындарын аты аталған аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарынан білсеңіз болады. Біз сізді күтеміз. Кездескенше» деп жазды Бурахан Дақанов.
Өтетін жиын туралы, Солтүстікке қалай көшуге болатыны жөніндегі бүкіл ақпараттарды жергілікті «Мансап» бөліміне хабарласып, алуыңызға болады.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.