ТикТок — ұлттық қасиетімізді жоюда
Таяуда ғана ТикТок әлеуметтік желісіне тыйым салу, бұғаттау туралы билікте де сөз қозғала бастаған-ды. Алайда әзірге Қазақстанда әлеуметтік желінің бұл түріне тыйым салу немесе шектеуге қатысты нақты шешім қабылданбады.
Жалпы, түрлі әлеуметтік желілер бізді ұлттық қадір-қасиетімізден алыстатып, атадан балаға мирас болған тәрбие атаулының тамырына аяусыз балта шауып жатыр. Инстаграмды ашсаңыз, әшекейі мен ішкен-жегенін, қыдырғанын мақтанып фото-видео етіп жариялаған «жұлдыздар». Оларды көріп, аяғына бүтін аяқкиім ала-алмай ызаланып жүрген бала не істеуі мүмкін? Бұл аздай, әлгі жерде денесі жартылай жалаңаштанған еркек-әйел жұртқа ақыл айтып әлек. Діни уағыз деген осы екен деген шоқша сақалды салафит те, вахаббит те басқасы да Инстаграмда өріп жүр.
Ал әлеуметтік желілердің ішінде арсыздары бетімен кеткен ең сорақы жер — ТикТокта деуге болады. ТикТокта білгенін істеген жұрт оқырман жинау үшін барын салуда. Бірі сұңқылдап уағызын айтса, енді бірі шапылдасып ұрсып отырғаны.
Енді бірі шешініп тастап селкілдеп билеп жүр. Батл дегені бар бұл ТикТоктың. Небір масқараны сол батлда көресіз. Бүкіл жастар танитын тиктокер Сампо мен Гугуша деген екеудің бір батлын қарап көрдік. Гугуша — 43 жасар, екі қызы бар әйел.
Ал Сампо 25-30 жастағы жас жігіт. Үлкен мен кіші, әйел мен еркек арасындағы сыйластық, құрмет былай тұрсын, әлгі екеуінің арасында адами қарым-қатынас таппайсыз. «Айуан, аузыңды айырам! Сен кемпірсің! Құры!» деп Сампо елірсе, Гугуша да қалыссын ба, «сенсіз өмір сүре алмаймын» деп эфирде жылап сықтап…
Осы екеуінің батлын 5-6 мың адам қарап отыр. Қарап отырғанның жартысынан астамы жастар. Жастарға сампо, гугшалар не үлгі береді? Кәрі әйелдің жас балаға жабысуын үйрете ме, әлде жас баланың үлкен әйелдің түгін қоймай боқтап, балағаттауын үйрете ме? Бұл бір ғана мысал. Мұндайлардың ТикТокта миллиондаған түрі бар.
ТикТокта мұнан басқа небір сорақы, сұмдық жағдайлар бар. Қызтекең де, түрмешік те, алаяқ та — бәрі осы ТикТокта емін-еркін ойына келгенін айтып, білгенін істеп отыр. ТикТоктың 80 пайызы анайы, тәрбиесіз, ұятсыз жағдайлар мен сөздерге толы. Ал оны қарап отырған ұл-қызымыздың ертеңі не болмақ?
Қанат ДАСТАН,
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.