Тойларымыз — ұяттан аттап, масқараға жол беруде

0
194

Әлеуметтік желіде қойдың үйтіне шапан жауып, ортаға алып шыққан бір той қызу талқыға түсуде. Осыған байланысты журналист Асхат Қасенғали өз пікірін білдіріп, жазба қалдырды деп жазады Democrat.kz.

«Масқара ғой мынау. Ұят. Қай жақта болған, қашан болған, қандай оймен алып шықты, Қазақстандағы той ма білмедім. Қайда болса да ұяттау екен.

Той иесі мен асаба болатын тойдың сценарийін алдын-ала бірігіп жасай ма өзі? Ондайлар аз-ау. “Тойда қандай әзіл айтасыз”, “қандай ән қойылады”, “қандай ойындар ойнатасыз” деп сұрайтындар көп емес. Көбіне тізім беріп, мынадан кейін мынау сөйлейді дегенге барын салады.

Кешіккен адамдар. Бір-бірінің уақытын бағаламайды. Бітпейтін тілек айту. Соңғы адам тілек айтқанша күтіп, шаршайсың.

“Жұмысым бар” деп әйтіп-бүйтіп шығып кетуге тырысасың. Кей асабаның әзілі…енді әзіл де емес. Әзілдеймін деп кейде тойдағы кей қонақтың көңіліне тиетін сөздерді айтады.

“Мыртық”, “томпиған аюдай екенсің”, “көзіңіз қытай сияқты сығыр екен” дегендей сыртқы келбетке тиісе сөйлеп, әзілдегендей болады. Әзіл ме сол?! Түрлі ұят ойындарды да ойнатып жатады. Кей қарияға бата беріңіз десе, тілек айтып тұрады.

“Қазақтың тойы дүркіреп өтеді, 300-400 адам келді” деп мақтанып отырады кейде. Сол мақтанатын дүние ме? Бар болғаны ысырапшылдық көрінісі ғой.

Тойға “өзін-өзі ақтайтын шығар” деген оймен қаржыны аямай салады. Бірақ ол той ақтауы да, ақтамауы да мүмкін. Былайша қарасаң бұл қаржылық сауаттың төмендігі ғой.

Той деген жақсы әрине. Қуанышқа жасалады. Алайда оның бір жүйесі, орны, әдебі, мөлшері болуы керек шығар. Бұл ойым қате шығар, келісу-келіспеуге құқылысыз. Бірақ мына видеоны көріп, осындай ой келді», — деп жазады Асхат Қасенғали.

Фото видеодан скринделіп алынды.