Төлебилік қырғыздар Сиқым руын қабылдап, шежіреге кірді

0
154

Төлеби ауданының Қаратөбе ауылында 200 жылдан астам уақыттан бері тұрып жатқан азын-аулақ ұлты қырғыз отбасылар бар.

Бұл азаматтардың алдыңғы легі Төле бидің тұсында, кейінгілері Қасымбек датқаның кезінде біздің жаққа түбегейлі қоныс аударып, көшіп келген.

Былтыр осы қырғыздардың атынан бірер ақсақалдары мен беделді кісілері өздерін Сиқым руына қабылдап алу жөнінде өтініш білдірген еді.

Олар: «Себебіміз: біздердің барлығымыз дерлік баяғыдан бері әжелеріміздің, аналарымыздың ұлттары қазақ болғасын паспортымызда ұлтымызды қазақ деп көрсеткенбіз (кейбіреулеріміз тіпті еліміз егемендік алғанға дейін, сонау 70-ші жылдардан бастап).

Бірнеше ғасырдан бері бір жерде өмір сүріп келе жатқандықтан, жергілікті Сиқымдармен біте қайнасып, етене жақын боп, бауыр басып кеткенбіз. Ертеректе Қырғыз-Бидайшы бір ата болып, ас-тойларда бір шапан киіп жүрдік. Сырт жақтарға шығып жатсақ, өзімізді Сиқымбыз деп таныстырамыз, бірақ шежіреде жоқпыз. Сондықтан бауырластығымыз, ағайындығымыз әрі қарай да тереңдей түссін, біздерді Бидайшының бір атасына қосып, шежірелеріңізге енгізсеңіздер»-деді.

Сонымен, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, жан-жақты талқыладық.

Ең әуелі Сиқым руының үлкен кісілері және абыройлы азаматтарымен (Қасымбек датқаның шөбересі, жасы 90-ға таяп қалған қария М.Қолдасов, көп жылдар бойы Сиқымдардың төрағасы болған генерал Ж.Сұлтанов (Тоғатай), Қусирақтардың төрағасы болған Ә. Оңалбаев, Борастардың төрағасы болған О. Омаров, Халық қаһарманы, генерал Б. Ертаев, жазушы, филолог-ғалым М. Қалдыбаев, бокстан Олимпиада чемпионы Е. Ибраимов және т.б. атақты ел азаматтары, Сиқым баба қауымдастығының қазіргі ата басшылары Қ. Оспанбеков (Қусирақ), Н. Жанабаев(Борас), Ә. Омаров (Бағлан), Ә. Сапаров (Шуылдақ), Б. Орманбеков (Аққойлы), Тоғатайдың атабуын басшылары Е. Мұратбаев, Б.Исаев, Ж. Қалшаев, Дулат баба қорының төрағасы М. Әлімбеков т.б.) келелі кеңес құрып, кеңінен ақылдастық.

Олардың бәрі қырғыздарды Сиқымға қосып алуды бірауыздан қолдап, «бұл құптарлық жағдай, елге ел қосылса құт болады» деп келісімдерін берді. Ұлтымыздың осы тұрғыдағы салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы туралы тарихшы, этнограф ғалымдармен кездесіп, консультация жасадық.

Өз кезегінде қырғыз ағайындар Төлеби, Түлкібас, Сайрам аудандарындағы Тоғатай атасының ақсақалдарының алдынан өтіп, баталарын алды.

Сонымен, биыл 9 тамыз күні Қаратөбе ауылының мешітінде 200-дей адам шақырылып, құдайы тамақ берілді. Асқа сол ауылдық округте тұратын Сиқым руының Бөкет, Мырзабай, Сүйіндік, Ноғай, Кәнкелей, Балапан, Бидайшы,Түгел, Бұқар, Алакөз, Қусирақ аталарының, Шымыр, Шанышқылы руларының және қырғыз ағайындардың ақсақалдары қатысты.

Жиналған көпшілік бір ауыздан қырғыз бауырларымызды Сиқымның шежіресіне төмендегі тізбек бойынша, яғни Тоғатай, Мұрат, Үсен, Жиенбет, Жанкісі, Ожар, Сұлтангелді, Жолболды (Мерген), Бөкет, ал Бөкеттің 5-ші баласы етіп қырғыз ағайындардың атасы Оспан-Қариды енгізу туралы шешім қабылданды.

Оспан-Қари аталығынан өрбіген ұрпақтардың саны бүгінде 38 отбасы екен, дені сол Қаратөбе ауылы мен Шымкент, Астана қалаларында тұрып жатыр.

Ас барысында ата-баба әруақтарына бағыштап құран оқылды.
Бөкет атасының атынан Сейітбеков Әбдіжәлил қажы Айтмырзаұлы (Бөкет атаның 6-шы ұрпағы), қырғыз ағайындардың атынан Рысбеков Бүркіт Рәсілбекұлы (Оспан-Қаридың 5-ші ұрпағы) ұлтымыздың салт-дәстүрі бойынша, қошқар терісінен иленген бөстекке отырып, қойдың тоқпан жілігін ұстасты, ант етіп, серт беріп, бауырласу рәсімін атқарды.

«Осы күннен бастап Оспан-Қари ұрпақтары мен Тоғатай ұрпақтары арасында бір-бірімен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салынады, бір-бірін ағайын, бауыр деп есептейді, кімде-кім Оспан-Қари ұрпақтарына сендер сиқым емессіңдер деп шеттетсе, не олардың біреулері өзін Сиқыммын деп мойындамай ант бұзар болса, әруақ атып, құдай ұрсын!» деп, екі жақтың да ақсақалдары ақ батасын берді.

Айта кету керек, осы өткен іс-шара ауыл тұрғындары, басқа ауылдарда тұрып жатқан ағайындардың тарапынан да қызу қолдау тауып жатыр.

Мысалы, жақында ғана Түгел ата ұрпақтары өткізген аста осы жаңалықты естіген көпшілік қол шапалақтап қуанып, ризашылықтарын білдірді.

Құрметті ағайын-бауырлар! Сиқымның ардақты да абыройлы азаматтарының қолдауымен қол жеткізген осынау жағымды жаңалық бәрімізге де құтты болғай!

Ақжігіт ИСАБЕКОВ, «Сиқым баба ұрпақтары» қауымдастығының төрағасы.

(Ақпарат білікті ұстаз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫНЫҢ парақшасынан алынды)

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.