Төтенше жағдайда министр той тойлап жүр

0
168

Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 708 үй, 1 609 аула аумағы және 2 035 саяжай су астында қалды.

Қазақстан өңірлерінде су тасқынына қатысты төтенше жағдай әлі де күрделі болып отыр. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында дәл осы су саласына жауапты министр төтенше жағдай кезінде той жасады деп сынға қалды, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ мәліметінше, өткен демалыс күндері су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов той өткізген.

«Ол ұлын үйлендірді. Той 26 сәуірге жоспарланған болатын. Ал осы демалыс күні келінінің үйге келген күнін өткізді. Жақында ғана сөгіс алған жоқ па еді?» — дейді Ulysmedia.kz дереккөзі.

Бұған дейін Тоқаев Нұржігітов басқаратын министрлікті сынға алды.

«Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады.

Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет.

Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты.

Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс», – деді Президент.

Ал 30 наурызда Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді.

Ал сөгіс алған Нұржігітов қызметінен кетпейтінін мәлімдеді.

«Маған қатаң сөгіс жарияланды, ендігі жерде атқарылған жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып жүргізіліп жатыр, шара қолданатын шығар», – деп жауап берді ол.

Фото ашық дереккөзден алынды.