Тозақтан тікелей репортаж жасап үрей тудыруда
Біздің спортшыларда неге рух жоқ? Баяғыда мешітке барып тұрушы едік қой. Имамдар тозақпен қорқытқанда алдына жан салмайды.
“Тырнаққа ине кірсе қалай ауырады? Елестетші. Ал енді сені турап-турап, табаға салып шыжғырып жатыр…” деп қорқытады. Нұр-Мүбәрәк университетінің қасындағы мешітке ҚазҰУ студенттері мен Республикалық спорт мектептің балалары барады.
Көбіне сол мешітті спорт мектебінің оқушылары-ақ толтырады. Зіңгіттей спортшылар уағызға ұйып, имамның айтқанына кәміл сенеді. Үрейлері ұшып қорқып отырады. Мұны сезген молдекең одан сайын екілене түседі.
Тозақтан тікелей эфирдегі репортажын жалғастырады. Мешітке еңсесін көтеріп тік кірген жастар бастарын салбыратып, бүкшейіп рухтары сынып шығады. Жастардың көздері шүңірейіп кеткендей. Жанарларынан тек үрей көремін.
Одан олар өмірді емес, өмірдегі түрлі (спорттағы да) жетістіктерді емес, о дүниедегі жұмақты аңсайды. Тозаққа түсіп қалмайын деп уайымдап жүреді. Фокустары — спортта емес, жарыста емес, о дүниеде.
Алдыңғы толқын ағалардың рухын орыс отаршылдығы сындырса, жастардың рухын діни наным-сенім күйретіп жатыр. Үрей, қорқыныш, стресс кезінде ағзада зиянды картизол гармоны бөлініп, күш-қуат беретін тестостерон гармонын басып тастайды.
Үрей билеген сана да дұрыс жұмыс істемейді, техника қолдану үшін ми дұрыс қызмет атқару керек емес пе? Әрі спортшының бойынан қуат кетіп әлжуаз болып қалады.
Бұрын “Әруақ” деп бабаларымыз жауға шапқан. Қазір спортшыларда “Әруақ” деген ұғым жоқ.
Кешегі Олимпиадада спортшылар күштері тең болып тұрып ұтылып қалып жатты. Себебі, бойларында рух жоқ, көздерінде от, көкректерінде жалын жоқ. Бәрі жігерсіз, жасық. Дін рухтарын сындырып тастаған.
Тобыр болып бірге жүргенде батыр, ал шаршы алаңда қоян сияқты су жүрек. Ал кезінде бабаларымыз “Әруақ” деп атқа қонғанда бойына екі есе қуат бітетін болған. Қайтыс болған аталарының рухы да желеп-жебейді, демейді деп сенген. Солай болған да. Атой салып белдескен балуан, жұдырықтасқан боксшы көрмедік.
Оның үстіне, дін кей спортшыларымыздың бойындағы отаншылдық сезімді де түбегейлі жойып тастаған. Чемпионымыз “Артымда Алаш елім тұрды! Қазақ елінің абройын асқақтаттым!” деп айта алмады. Ал жеңілгендеріміз болса, ұлтынан үмітті ақтамағаны үшін егіліп кешірім сұрауға санасы жетпеді.
“Алланың қолдауы”, “Алланың қалауы” деп жауапкершілікті арқалаудан жалтарады. Бәрін Алла шешіп жатса, өздері не істеп жүр? Бәрі Алланың қалауы болса, діні басқалар қалай жеңіске жетіп жатыр?
Сақалдары қауғадай. Спортшы емес, құдды қарақшылар сияқты. Қап-қара жүн-жүн беттерінен жүрек айниды. Сол сақалмен ұялмай-қызармай, әлемдік аренада жүр. Айналайын-ау, айна болса, соған бір қарап “түрім қандай еді?” деп ойлануға да бас керек пе?
Мұрты жоқ. Ежелгі тас мүсіндерде әдемі мұрт қойған. Сақал қойып, мұртты қырып тастау біздің дәстүрімізде де, болмысымызда да жоқ. Бұл спортшыларымыз қазақты бүкіл әлемге салафит, діни фанатик ретінде танытты. Басқа түк емес.
Бокстағы бас бапкерлер ауысыпты. Енді бір ізгілікті, жақсылықты күтейік. Барлық салаға өзгерістер, жаңашылдық керек екен. Әсіресе, жастарға сөзі өтетін спортшы, әнші, блогерлерге діни уағыз айтуға қатал тыйым салу қажет. Өрімдей жастарымызды осылар-ақ қу ақша үшін улап бітті.
Түнде бүкіл ағза жұмысына жауапты мелотанин гармоны бөлінеді. Мелотанин — гармондардың патшасы. Егер ол гармон бөлінбесе, ағзадағы барлық қызмет бұзылады. Түнде тұрып намаз оқудың осы гармонның бөлінуіне зияны тиеді. Ағза, мидың қызметі әлсірейді деген сөз.
Одан бөлек, ораза ұстау да спортшылардың спорттық тәртібіне кері әсер етеді. Егер өсіп келе жатқан жас бала болса, әлгіндей ашығудың пайдасынан залалы мол. Ағзасы қалыптасып қойғандарға ғана ашығу пайдалы. Ауызашар, жұма намаз, бес уақыт намаз деп жүргенде спортпен кім айналысады?
Арман ӘУБӘКІР, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.