Түріктер неге жылқы етін жемейді?
Түркі халықтарының ішінде түрік, әзербайжан халықтары жылқы етін жемейді. Тіпті біздің кейбір өзбектер де жылқы етін жемейді екен.
Жылқы еті әлемдегі жан-жануардың ішіндегі ең таза, нәрлі ет екенін ата-бабамыз сонау ескі заманда-ақ білген. Кейін бертін келе жапон ғалымдары да жылқы етін зерттеп көріп, басқа малдың етінен гөрі жылқының етінде адам бойына күш-қуат беретін ерекше қасиеті барын, және адам ағзасына қажет көп дәруменнің барын анықтаған. Мұнан бөлек жылқы етінің басқа мал етінен ерекшелігі — жылқының тек таза су ішуімен де байланысты екенін ғалымдар дәлелдеген.
Соған қарамастан, жоғарыда түбіміз бір деп санайтын түркі халықтарының кейбірі жылқы етін жеуге тыйым салуының сыры неде? Бұл сұрақтың бірінші жауабы — Ислам дінімен байланысты. Өзін мұсылман санайтындар жылқы еті жеуге жарамайды, жылқы тек мінуге арналған жануар деп санайды.
Екінші жауап — түріктердің бір кездері басынан өткен оқиғамен байланыстыруға болады. Түркиядағы көптеген танысымыз айтып берген осы оқиға талай түрікті жылқы етінен тіксінткенін баяндайды. Бұл оқиға өте ертеректе болса керек, түрік базарларына “жылқы еті” деп саудагерлер есек етін әкеліп сатқан көрінеді.
Ең сорақысы, арам өлген есек етінен уланып, ауруға ұшырағандар саны күрт артқан тұста әлгі базардағы еттерді тексеру басталады. Сөйтсе, жылқының деп жеген еті есектікі болып шыққанын білген жұрт көпке дейін есін жия алмапты. “Қазақстанға барған сайын жылқы етінен алаңсыз тамақ жеп, қымыз ішемін.
Өйткені бұл жақтағы жылқы етінің таза екеніне сенімдімін. Алайда біздегі әлгіндей оқиғадан кейін жылқы еті десе, тіксініп, оған қол созбайтындар әлі көп” дейді стамбулдық досымыз Айхан Өзгүвен. Айханның бұл айтқанын жанындағы достары да қоштап, “біз үшін жылқы еті есек еті секілді харам сияқты көрінеді” дейді. Осындайда Нұрлан имамның “басқалар жылқы етін жемесе, жемесін. Қайта жақсы, өзіміз көбірек жейміз” деген сөзі еріксіз еске оралады екен.
Әлия БОЛАТҚЫЗЫ, Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.