Түркияда қазақ жанкүйерлері төбелесті
Қазақстандық жанкүйерлер Түркияның Анталия қаласында алғаш рет өткен Қазақстан суперкубогінің финалы кезінде төбелес шығарды. Бұл туралы желіде видео тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ойында шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» кездескен.
Спорттық шарада Түркияда тұратын отандастарымыз бен ойынға арнайы келген қазақстандық жанкүйерлер бас қосты. Екінші таймның ортасында трибунада басталған төбелес жанкүйерлердің бір-біріне орындық лақтыруына ұласқан.
Жаппай төбелеске жанкүйерлер тұрған сектордың бір-бірінен алшақ болмауы себеп болған. Ойын қорытындысы бойынша есеп 1:1 болып, матч тең аяқталды. Ал пенальтилер сериясының қорытындысы бойынша «Тобыл» 6:5 есебімен жеңіске жетті.