Түрме — діни жат ағымдардың тез таралып, дамитын мекені

0
58

«Жат ағымдар абақтыда тез тарап, дамиды» деген пікірге қалай қарайсыз? Күні кеше ғана ҰҚК қылмыстық-атқару жүйесінде 10 діни радикалды идеология жақтастарының жолын кесіп, жоспарларын тас-талқан еткені жайлы ақпарат шықты.

Олардың бірі тіпті теракт жасауды ойластырған дейді. Қалғандары жат идеологияны таратып, жақтастар іздеуге тырысқан.

Франсуа О деген Париж университетінің криминология бөлімінің басшысының «Атлантико» атты журналға берген сұхбаты бар. Ол сұхбатта түрмедегі радикализм, оның жайылуы жайлы айтады. Францияда теракт жасаған лаңкестердің биографияларын қарап шығады, кейбірінен сұхбат алады, өзге лаңкестердің де тағдырларын бір парақтайды. Сонда көптеген лаңкестердің абақтыда отырған сәтте радикалды жолға түскенін анықтайды.

Неге абақтыда отырған жандар, кей жағдайда жат ағымның жетегінде кетеді? Оның сырын Франсуа О былай түсіндіреді.

Түрмедегі адам қандай да бір топтың құрамында болып, өзін қорғағысы келеді. Қандай да бір топқа қосылып, байланысын арттыруды қалайды және қандай да бір топтың құрамына кіріп, бостандыққа шыққанда өзінің өмірін сол топ мүшелері арқылы құруға тырысады.

Өкінішке орай көп жағдайда ондай топтар дұрыс бағытпен жүрмейді. Сол үшін де радикалды топтар түрмені жақтас табудағы басты нысанының бірі етеді депті.

Франсуа Оның айтуынша адамдар абақтыда дінге жақындай түседі. Адам темір торға қамалған соң, көп жағдайда өз ісіне өкіне бастайды.

Себебі бірі кісі өлтіріп, енді бірі адам тонап, тағы біреуі зорлық жасап немесе басқа қылмыспен сотталады. Өзіне өзі есеп бере бастайды.

«Түзеліп шықсам» дейтін ұстаным пайда болады. Кей жандар жұбанышты діннен іздейді. Міне, осы жерде кей жандар деструктивті ағымдарды ажырата алмай, жат ағымға кіріп кетуі мүмкін.

Радикалды идеяны тасушының насихатына еріп кетуі де ғажап емес дейді криминолог.

Франсуа О былай дейді: «Абақты – лаңкестер үшін 24/7 режимінде насихат жасаудың тамаша мүмкіндігі. Камерада отырғандарға бір насихатшы жеткілікті. Ол өзінің идеясын бірнеше ай бойы үздіксіз жүргізсе, ал кей жағдайда жылдап жүргізсе, онда сөзсіз жақтас таба алады. Рекрут солай жүреді».

Жалпы ҰҚК түзеу мекемелеріндегі радикалдардың әрекетін әшкереледі дегенге жазып жатқаным ғой. Абақтыда отырған адамның діннен жұбаныш тауып, түзелуге тырысуы заңдылық.

Адам бол, иманды бол, қылмыс жасама дегенді түсініп шықса әлбетте жақсы. Бастысы жат ағымның құрығына түсіп қалмаса болғаны.

Ол үшін ұдайы тексеріс болуы шарт. Кім не айтуда, қандай насихат жүргізілуде, қандай әдебиет оқуда және басқа дегендей.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.