Түсіністікпен қарау дегенді білесіз бе?
Біздің елімізде ең көп айтылатын сөздің бірі толеранттылық. Латын тілінің tolerantiа дегенінен шыққан ғой. «Шыдау, төзу» дегенді білдіреді.
Алайда тура мағынасында аударғанға қарағанда, «құрметтеу, түсіністікпен қарау» деген дұрысырақ болар. Өзге мәдениетке, өзге дінге, өзге ұстанымға түсінікпен қарай білу керек дегенді меңзейді.
Осы сөзді жиі айтамыз. Толеранттылықты демократияның бір жемісі санайтындар да бар. Иә, мүмкін солай да шығар. Теорияға үңілсек, негізінен бұл түсінік Еуропа елдеріндегі діни қайшылықтар кезеңінде пайда болған дейді.
Орта ғасырда Еуропа қоғамы түрлі діни ұстаным бойынша қырылып жатты. Шіркеулер арасындағы соғыс, діни қайшылықтар, оның саясатқа әсері болды. Соңында әбден соғысып, бір-бірін қырып, құлдырай бастаған сәтте, «қырыла бергенше сенің сенімің саған, менің сенімім маған, бір-біріміздің наным-сенімімізді таптамай, бірге өмір сүре берейік те» деген түсінік қалыптаса бастады.
Бұл жалпақ тілмен айтқанда. Теориямен айтсақ небір терминді оқып, миыңыз ашып кетеді. Қысқасы діни сенімдердің бір-біріне деген құрметі пайда болды, тіпті құрметі демесек те, бұрынғыдай қырылыс азайды да, оның орнына түсіністік келе бастады.
Сөйтіп Еуропа елдері енді діни қырқыстың орнына адам құқығы, сайлауда дауыс беру, монархияға қарсы дауыс көтеру, сөз бен баспасөз құқығы дегендер үшін күресе бастады.
Толеранттылық кейін жыныстық (әйел мен ердің еңбек ету, дауыс беру құқығының бірдей екенін мойындау), этностық (бір ұлттан бір ұлттың артық не кем еместігін мойындау), саяси (саяси көзқарастардың сан түрлі болатынын мойындау) деген сияқты жіктеліп, сан түрлі болып кетті.
Біздің қоғамда да осы сөз жиі айтылады. Бірақ толеранттылық деген мемлекеттік және ұлттық беріктікке қарсы әрекеттерге төзу дегенді білдірмейді.
Қоғам, ұлт және мемлекет өзіне қауіп төндірмейтін кез-келген элементке толерантты бола алады, алайда өзіне қауіп төндіретін кез келген радикализм әрекеттерін заңмен қатаң реттеуге міндетті.
Қазіргі қоғамдағы аз болса да арасында көрініп қалатын радикалды ағымдарға қарсы заңның жоқтығын толеранттылықпен ақтау алуға тырысуды сол үшін де түсіне алмаймын.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.