Тұтас бір мемлекет түнекке батты деген — осы

0
192

Ауғанстан әйелдер үшін «түрме мемлекетке» айналып барады. Ауғанстанға барып, влог түсіріп жүргендер бар. «Талибан келгелі бері даму бар» дегенді айтқысы келеді, анығы «көрсеткісі» келеді.

Қазақстаннан да барып, түсіріп жүргендер бар-ау деймін. Қауіп-қатерді ысырып қойып, қалай жүр? Өз еріктерімен барып, контент жасап жүргендер ме, әлде екінші тарап шақырды ма, ол жағын білмедім.

Шығарылымдарына қарасаң бәрі дұрыс сияқты. «Әйелдерге қысым жоқ, тек салтпен жүреді» дегенді айтуда. Бірақ солай ма?

Кеше әлемдік БАҚ-та талқы болған тағы бір ақпарат шықты. Онда Ауғанстандағы әйел құқығын өрескел бұзатын тыйымдардың ішіне тағы бір тыйым қосылғанын жазыпты.

Енді «Ауғанстандағы әйелдер қоғамдық ортада дауыстап өзге әйелдермен сөйлесуіне болмайды, дауыстап Құран кітабын оқуға да тыйым салынады».

Яғни, әйел адамның дауысы қоғамдық ортада естілмеуі тиіс. Бұрын «әйел адам қоғамдық ортада дауыстап ер азаматпен сөйлесуге болмайды» деген тыйым бар еді, енді «қоғамдық ортада әйел мен әйел дауыстап сөйлеспесін» деп отыр. Тұтас бір мемлекет түнекке батты деген осы.

Ауғанстанда жақында ғана теледидардан жан-жануарды көрсетуге тыйым салуды бастады. Ол жайында ВВС жазды. Демек, алдағы уақытта жан-жануарға қатысты бағдарламаларды алып тастауы мүмкін. Негізсіз тыйымдарды сала береді, сала береді. Сөйтіп ғылым-білімнен артта қала береді, қала береді.

Соңғы жылдары Сауд Арабиясы әйелдердің құқығына қатысты тыйымның көбінен бас тартып, бағытын өзгертуде. Әйел ұшқыштар бар, футбол мен концерт көруге рұқсат етті, білім алуда мүмкіндіктерін арттырды, алғашқы әйел ғарышкерін дайындады, әйелдерге көлік жүргізу мүмкіндіктерін беруде, әйелдерге білім алуға көбірек қаржы салуда. Саудия адам құқығы бағытында біраз алға жылжыды.

Ал билікті енді қолына алған тәлібтер болса, «мына дағдарыстан қалай шығып, әлеммен қалай әріптестік жасаймыз, ол үшін қандай реформа керек» деудің орнына, ақылға қонбайтын әрекеттер жасауда.

Реформалары – бітпейтін тыйым! Ең сорақысы сол, тәлібтердің адам құқығына қатысты әрекетін қолдайтындар біздің арамызда да бар. Оларды пікірден, сөз арасынан байқап қалуға болады. Есі дұрыс адам, ессіз тыйымдарды қолдай ма?!

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен көрнекілік үшін алынды.