ҰБТ-дағы ұрлық: Бәленің бәрі мұғалімнен шығады

0
1708

Мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткізу барысында Алматы қаласында қолданылған биылғы шартты белгі орнына жүрген кілтті сөз «Сиесің бе?» екен.

Естідім де жағамды ұстадым. Жалпы, кейінгі кезде кейбір мұғалімдер қауымынан, олардың үстінен қарайтын әкімшілік жүйеден  көңіл қала бастады.

Бұлардың жаратылысы кәдуілгі пендеден бөлек пе деп те ойлап үлгердік. Бәрі десем өзімді күстаналай кетуге дайын, көпке топырақ шашып олай дей алмасым да белгілі.

Дегенмен, бір қарын майды шірітіп жүрген түрлі деңгейдегі сасық құмалақтары да өздерінің арасында. Мен бұрын бұл қауым өкілдерін кәдімгідей жақтаушы едім. Аяйтынмын, әр үйдің «жындысы» мен еркесіне басиелік жасап отыр ғой деп.

Сөйтсем, бәленің бірі емес, бәрі сол қауымнан шығатыны белгілі болды. Бұл не деген тәлім-тәрбие, ұлттың болашағын ойлаған мұғалім һәм басшылық құрам осындай әрекет жасар ма?

Ата-анасы белгілі бір сомаға алдын-ала келіскен баланың қасына келіп, жай ғана: «Сиесің бе?» — деп сыбырлайды екенсің. Ғажап тәсіл ғой, ә?! Бұлардан қулық та, сұмдық та артылмайтынына көз жетті.

Былайғы уақытта, тәртіп бойынша алғашқы бірінші сағат пен соңғы үшінші сағатта басқа түгілі бойыңа дәрет жайылып кетсе де тысқа шығармайды.

Ал мына ғажапты қара, қасыңа келеді де жай ғана «Сиесің бе?» деп сызылады. Өткенде сондай, таңбалы баланың бірінің отырған жерін, түр-түсін жаңылыстырып алса керек, келісілмеген біреудің тұсына барып: «Сисің бе?» — дегенде анау байғұс шошып кетіп, столдан құлап қала жаздапты.

Өзің бір сәт елестетіп көрші, қасыңа танымайтын бір мұғалім келіп, аты-жөні жоқ жаңағыдай деп, кәмелетке толған баланы тосып алатын адам құсап ыздиып тұрса.

Аузына шаптырып жіберетін-ақ жер ғой. Амал қанша? Жалпы, пенде опасыз, ет пен сүйектен жаратылған екі аяқтының араласқан жері — осы. Тым осындай болмаса да, осы шамалас.

Сен ғой он бір жыл бойы теріс оқыған көрдемшеге ҰБТ сұрақтарын сатып алып бересің. Қош делік. Ал ертең содан қандай маман шығады?

Құдай бетін әрі қылсын, егер сол немең ғайыптан тайып дәрігер болса, соның қолынан алдымен өзің өлесің. Жазатайым басыңнан күн өтіп, мұрныңнан қан кетсе шалқаңнан түсіріп, кеңсірігіңе йод құюдан тайынбайды олар.

Өйткені көрген-баққаны, барлық таным-түсінігі сол болған соң не шара? Біздің ұлттың діңкесін құртып, сілелетіп келе жатқандар солар, әлгі әліпті таяқ деп білмейтін тәліп.

Он бір жыл бойы жақсы оқыған оқушы төмен, әлгі тоғышар неме ең жоғары балл алды делік. Мәселенің осы жағы қалай болар екен, мұның жайын ойлауға неге қауқарсыз болдың, мұғалім?

Сендерсіз сайлау өтпей, осы уақытқа дейін біраз нәрсенің басына сигізіп келгендерің аз еді. Әй, сендер… Ұлт ретінде өзін аяуды білмейтін, болашағына жаны ашымайтын, ол жайында тіпті ойлауға мұршасы кем жұртты осы қазақтан көргенім, басқа еш жерден емес.

Берік ЖҮСІПОВ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.