ҰБТ-ның тиімді тұстары: Бала бірден есейіп кетеді

Осы ҰБТ-ны біреулер халық жауындай жамандайды ғой, бірақ ҰБТ балаларды есейтіп жібереді.
ҰБТ-ны ойлайтын бала есейіп, оң-солын танып, балалықты қойып, көшеде босқа селтеңдеп жүруді азайтады. Балалар білімге қатты көңіл бөледі, қосымша сабаққа барып, кітапты жастанып жатып оқиды.
Өзін басқалармен салыстырып, «менің де қолымнан келеді» деп, қатарластарымен бәсекелесіп оқиды. Бұлай оқитын балалардың ата-аналары да баласын үнемі қадағалайды.
Ал енді кішкентайынан үйінен қадағалауды көрмеген, селтең-селтең жүруге үйренген балаларды қандай мектепке оқуға берсе де, бала бәрібір сол үйренген әдетін қоймайды.
Мысалы ата-аналар жиналысында көптеген ата-ананың баласының бар екені 10-11-сыныпта ғана есіне түскенін байқаймын.
Ондайлар жиналыста баласының жоғары бал жинай алмағанын да, прогрес көрсетпей отырғанын да, тіпті телефонды көп қарайтынын да мұғалімнен көріп, жанжал шығарып отырады.
Ал кішкентайынан білім алуға әдеттенген бала қалаған балын жинап, қалаған оқуына түседі.
Бұрын ҰБТ адамдардың кесірінен әділ өткен жоқ. Қазіргі ҰБТ тек қана білімділерге арналған.
Біздің жемқорлық жайлаған қоғамымызда әзірге ЖОО-ға таңдауға лайықты да тек қана осы жол болып тұр.
Енді мектепті жақсы оқып, ҰБТ-дан аз ұпай жинағандардың көбі мектепте көтермеленіп бағаланғандар. Олай деуге де негіз бар, өйткені қазір кез-келген мектеп тексерістен аман қалудың жолы деп, сапаны жоғары беріп отыр.
Оның ішінде әділ бағаланбау да бар. Соның кесірінен аз ұпай жинаған оқушы өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып отыр (!)
Бұл әңгімені мен үйдегі оқушыларымның бойынан көріп айтып отырмын. Ұлдарым қалай жоғары сыныпқа келді, солай мінездері өзгеріп, есейіп кетті.
Қазір наурыз ҰБТ жүріп жатыр.
Түлектерге сәттілік тілеймін.
Айнұр САБЫР, белсенді мұғалім.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.