Ұйқы бұзылса, не болады?
Қазір күн ерте шығады, ерте оянамыз дейтіндер көбейе түсті ғой. Осыған орай былтыр «Біз неге ұйықтаймыз\Why we sleep?» деген кітаптың аудио саммариін тыңдап, мазмұнын жазған едім. Соны еске салу орынды секілді.
Кітаптағы негізгі ойлар:
— ұйқы — ең қажет тынықтырушы процесс, адам ағзасында ұйқының жетіспеуіне қарсы не оны реттейтін механизм жоқ. Сондықтан ұйқысыздық өте қауіпті.
— тәулігіне шамамен 8 сағат (кейде 7-9 сағат) ұйықтаған абзал.
— көп елде жазғы уақытқа ауысып, сағат алға жылжығанда азаматтарда жүрек аурулары 24 пайызға артады.
— күніне 4-5 сағат ұйықтайтын жігіттердің тестостероны тым артып, өзінен 10 жас үлкен ер адамның көрсеткішімен тең болады. Ұйқысыздық әйелдердің де жүкті болу, босану қабілетіне де кері әсерін тигізеді.
— ұйқысыз көз-майын ағызғандарға қарағанда тынығып, ұйықтап оқығандардың материалды еске сақтау қабілеті 40 пайызға жоғары болады. Зерттеу арқылы дәлелденген.
— күніне 4 сағат ұйықтасаңыз, иммунитет клеткаларының белсенділігі 70 пайызға кемиді. Яғни, түрлі кеселдерге өзіңізді «ұстап бересіз».
— адам жүйелі түрде аз ұйықтайтын болса, оның ағзасында онкологиялық аурулардың белгісі пайда болып, тіпті генетикалық коды да бұзылуы мүмкін.
— жақсы ұйықтағыңыз келсе, кешке жылы ванна қабылдап, сүртініп, сәл қоңырсалқын бөлмеде (18 градус) ұйықтаған абзал. Егер дөңбекшіп, ұйқы келмесе, басқа бөлмеге барған дұрыс.
— будильникті 10 минутқа шегере берудің қажеті жоқ, өйткені ағза оның әр шырылын стресс-сигнал ретінде қабылдайды. Яғни, ағзаның жұмысына зиянын тигізеді.
— күнде белгілі бір уақытта ұйықтап, оянған абзал. 5 күн тоқтамай жұмыс істеймін, демалыс күндері жақсылап ұйықтап аламын деп те ағзаны алдаудың қажеті жоқ. Шектен тыс көп ұйқының пайдасы жоқ.
p.s. спорт жұлдыздары күніне 8-10-12 сағат ұйықтайды деген материал оқыған едім, өйткені ұйқы — ағзаны жақсы тынықтыратын жалғыз процесс.
Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ, сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен алынды.