Үкімет салықтан жалтару әрекеттерін барынша азайтуды көздейді

0
123

Елімізде ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде кәсібін дөңгелеткендердің 4 пайызы ғана ҚҚС төлейді екен. Мұнан бөлек, кәсіпкерлердің көпшілігі жылдық пайда табысының көлемін 78 млн теңгеге жеткізбеуге тырысады.

Ол үшін бірнеше шағын фирма ашып алады да, қосылған құн салығын төлемей, жүре береді. Ал міндетті тіркеу шегін төмендеткеннен кейін бизнесті бөліп жүргізу жағдайлары азайып, бюджетке түсетін салықтардың көлемі көбейеді деген жоспар бар.

Қазіргі кезде салық реформасы аясында қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16-ға дейін арттыру ұсынылып отыр.

Салықтың бұл түрі құрылыс салушылар үшін енгізілуі де мүмкін. Бірақ пәтерлер дәл осы межеге қымбаттайды деген сөз емес.

Себебі құрылыс материалдарын сатып алғанда 16% қосылған құн салығы бағаның ішінде тұрады. Ал дайын өнім, яғни, пәтерді сатқанда оған қосылған пайданың салығын ғана төлеу керек.

Осы мәселеге қатысты Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин: «Негізі, құрылыс компанияларына түсетін қосымша салықтық жүктеме шамамен 3 пайыз болады. Демек, олар баспананың бағасын тек 3 пайызға көтеруге тиіс», — дейді.

16 пайыз — ең жоғары мөлшерлеме, ал одан төменгісі 10 пайыз болады. Оны денсаулық және тағы бірқатар салалар үшін енгізу ұсынылып отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында қосылған құн салығын мүлдем алып тастау жоспарланған. Қазіргі кезде шаруа қожалықтары қосарланған құн салығын төлемейді.

Бұл жеңілдік сақталады. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын шығаратын заңды тұлғалар 30 пайыздық құн салығын төлеп жүр. Бұдан былай олар да төлемейді. Осылайша, агроөнеркәсіп саласында қосылған құн салығының мөлшерлемесі нөл пайыз болады.

Қазіргі кезде жеңілдетілген декларациямен арнайы салық режимін қолдану үшін жұмысшылардың саны 30 адамнан аспауы керек. Ал табыстың көлемі 24 038 АЕК-тен (2025 жылда 94,5 млн теңгеден) артық болмауы қажет.

Үкімет арнайы салық режимін тек B2C (business-to-consumer) сегментінде, яғни, тікелей тұтынушылармен жұмыс істейтін бизнесмендер үшін ғана қалдыруды ұсынып отыр.

Осылайша, дүкендер, шаштараздар, фитнес орталықтар, жеке меншік мектептер, кинотеатрлар және тағы басқа тікелей халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлер бұрынғыдай арнайы салық режимін пайдалана береді.

Бүгінде қосылған құн салығы көтерілсе, кәсіпкерлер өз табысын жасырып, қолма-қол ақшаға көшеді деген әңгімелер бар. Бірақ үкімет оны да есептеп шықты.

Ресми мәліметке сәйкес, 2006 жылы қосылған құн салығы 15 пайыз кезінде сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 2,7 пайыз болған.

Артынан салықтың деңгейі біртіндеп 12 пайызға төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика керісінше жыл сайын өсіп, 2016 жылда 9,2 пайызға жеткен.

2022 жылы бұл көрсеткіш 3,1 пайызболды. Осылайша, қосылған құн салығының деңгейі 12 пайыз болса да, көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендемей отыр. Сондықтан үкімет осы екі мәселенің бір-бірімен байланысы жоқ деп санайды.

Министрлер кабинетінің болжамына сәйкес, қосылған құн салығын көтерудің нәтижесінде көлеңкелі экономика керісінше азаяды.

Себебі көбісі кімнен қандай тауар алғанын көрсетуге тырысады. Ал 16 пайыздық салық сол тауар бағасының ішінде болса, оны қайта сатқанда немесе одан бірдеңе істеп сатқан жағдайда үстінен қосылған пайданың салығын ғана төлеу керек.

Салық реформасының нәтижесінде республикалық бюджетке жыл сайын қосымша 4-5 трлн теңге түседі деген болжам бар. Сонда ұлттық қордан ақшаны алмай, маңызды мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік болады.

Мәжіліске енгізілген өзгерістер аясында алдымен қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін қазіргі 20 000 АЕК-тен (2025 жылда 78,6 млн теңгеден) 3 800 АЕК-ке (15 млн теңгеге) дейін төмендету жоспарланып отыр. Осылайша, үкімет салықтан жалтару әрекеттерін барынша азайтуды көздейді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен.