Украинаға Вашингтонның көмегі жалғаса ма?

Украина соғысы қыза түсті. Ресей Покровск пен Купянск бағытында шабуылдап жатыр, Украина қорғанысты ұстап тұруға тырысуда. Арасында қарымта шабуылға шығу үстінде. Украина үшін 2024-тің қазаны мен 2025-тің қаңтары ауыр болды.
Дәл осы аралықта Ресей бірқатар аймақты оккупациялады. Қазір Ресейдің алға жылжуы бәсеңдеді. Дегенмен Киев үшін майдандағы жағдай ауыр.
Саяси аренадағы ызу-қызу тартыс майдан даласынан кем болмай тұр. АҚШ-тың жаңа билігінің бұл соғысқа қатысты ұстанымы Байден әкімшілігімен ұқсас еместігін көріп отырмыз.
Трамптың соңғы мәлімдемелерінен кейін, Украинаға Вашингтонның көмегі жалғаса ма, жоқ па, ол жағы да түсініксіз. Біреулер «бұл Трамптың келіссөз жүргізу тәсілі» дейді, енді бірі «Трамп Украинаға тиімсіз келісімді жылдам бекіте салғысы келеді» дейді. Қысқасы жорамал көп.
Дегенмен Украинаны барынша қолдаған АҚШ еді, енді ол ұстанымнан бас тартып, «Украина бізге жерасты байлығының 50 пайызын беруі тиіс» деп тиімсіз шарт ұсынып, артынша Зеленский билігіне тікелей ақпараттық шабуылды бастауы жақсы дей алмас едім.
Жалпы Трамп билігі «Украина майдан даласында жеңіске жете алмайды» дегенді айтуда. Германия мен Чехия басшылығы да осыны айтуда. Олар Украинаны барынша қолдайтын елдер саналады.
Біреуі снаряд коалициясын құрды, біреуі Еуропадағы ең көп әскери көмек беруші ел. Бірақ олар да Украинаның майдан даласында жағдайы қиындай түскенін айтуда.
Оған көптеген фактор әсер етуде. Украина соғысына қатысты «Ресейді әскери тұрғыда жеңу мүмкін емес» дегенді Қазақстанның президенті Тоқаев та айтқан еді.
Кей адамдар бұл пікірлермен келіспей жатты, алайда бұл көптеген факторларға сүйеніп айтылған сөз деп ойлаймын.
Демография Ресейдің пайдасында, әскер саны мен әскери техника да Ресейдің пайдасында, Ресейді қолдайтын Иран мен Солтүстік Кореяның қаруы да үздіксіз келіп жатыр, Ресей өзінің экономикасын соғысқа бұрып, бюджетінің 40 пайызын осы бағытқа салуда, КСРО кезінен қалған мыңдаған қару Ресейдің қоймаларында болды.
Осының бәрі Ресейге артықшылық берді. Осының бәрін ескергеннен кейін, жаңағыдай мәлімдемелер жасалды.
Ең қиыны — адамның шығыны. Қалалар қирады, экономика қиын жағдайда, босқындар саны көп, АҚШ-тан көмектің жалғасары не тоқтары белгісіз.
Қазір Украинаға ұрысты тоқтатып, қауіпсіздік кепілдігін алу қажет. Ес жиып алу маңызды. Тым болмағанда 4 жылға…
Жалпы ұлттық мүдде деген бар. Оны әскери жолмен де, саяси жолмен де қорғау керек. Украина әскери жолмен мүддесін қорғады, ендігі кезек дипломатияда.
Келіссөз жүргізе білу және тіпті уақытша болса да жауыңмен келісе білу, мемлекет пен ұлтты қиын сәтте сақтап қалудың бір жолы. Осыны естен шығармау қажет.
Дипломатия өте маңызды. Енді келіссөзде Украина не ұсына алады және қалай ұсына алады, міне бұл жағы маңызды.
Келіссөзге қандай дипломаттарын дайындауда, олардың келісім жасау тәжірибесі қандай болмақ дегенді Батыстық БАҚ талдап жатыр. Өйткені енді көбін генералдар емес, дипломаттар шешеді деген ойда…
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.