Ұлт маңызды ма, наным-сенім маңызды ма?
Қазіргі кезде қоғамда тартысқа түсетін бір мәселе- ұлт және дінге қатысты пікірлер. Біреулер «о дүниеге барғаныңда дініңді сұрайды, сондықтан ең маңыздысы Алла үшін сенімің, дінің» десе, енді бірі «ұлт діннен маңызды» дейді.
Осы мәселеге байланысты батыр Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф Зейнеп Ахметова: «Қытайдың өзінде мұсылман дінін ұстанатындар аз емес. Мұсылман болған еуропалық та жеткілікті. Сондай-ақ христиан дінін ұстанатын қазақтар да бар. Алайда мұсылман болған қытай — қытай болмай, христиан дініндегі қазақ — қазақ болмай қалды ма?
Жоқ. Өйткені ұлтты өзгерте алмайсың. Мұсылман болып та христиан дініне ауыса алады адам. Алайда қазақ болып тұрып, орыс немесе қытай немесе басқа ұлтқа өзгере алмайсың. Кез келген дін жаратушыны іздейтін жол.
Егер дін ұлттан биік тұратын болса, онда ұлт жойылады. Біздегі теріс ағымдағы діндалардың мақсаты да сол. Неге олар қазақтың салт-дәстүріне шүйлігіп, әдет-ғұрпын жоққа шығаруға ұмтылуда? Мақсаты — осындай біз мән бере бермейтін дүниелерді біртіндеп жойып, ұлтты жойғысы келеді», — дейді.
Қазіргі кезде әлеуметтік желіні жаулап алған түрлі «ұстаздар» мен имам, діндарлардың әңгімесін назар салып, байыбына барып тыңдап көріңізші.
Кейбірі астыртын, енді бірі ашықтан-ашық қазақтың ұлттығына қарсы шабуылдап отырады. Атадан балаға мирас болып жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпымыз, салт-дәстүріміздің көптеген элементтерін дүмшелер жоққа шығарып, тіпті кейбірі тыйым да салуда. Неге? Мақсаты не?
Бұл сұрақтың жауабын білу үшін жоғарыда Зейнеп апаның айтқандарын қайталап оқып шығыңыз. Қаласаңыз, мұсылман, христиан, будда бола аласыз. Алайда қаласаңыз, орыс, неміс, араб бола аласыз ба?
Әлия БОЛАТҚЫЗЫ,
Democrat.kz.
Фото ашық дереккөзден алынды.