Ұлттық қордан балаға берілетін ақша көбейе ме?

0
179

Стати ісінің оң шешілуіне байланысты Қазақстанның Ұлттық қорына 80 млн доллар қайтарылған. Осыған байланысты жаңа жылдан кейін Ұлттық қордан 18 жасқа толмаған қазақстандықтар арасында бөлінетін ақша мөлшері де өседі. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Стати ісінен кейін 80 млн доллар Ұлттық қордың басқаруына қайтарылған. Бұл қаражат ұзақ жылдарға созылған дау кезінде Стати тарапында кепілде тұрған.

Мәжіліс кулуарында журналистер Сүлейменовтен активтердің қайтарылғанына байланысты «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар арасында бөлінетін ақша сомасының көбею мүмкіндігі туралы сұрады.

«Иә, осы сома қосылады. Балалардың шотына аударылатын ақша өседі, бірақ әзірге нақты қаншадан түсетінін айту қиын. Бұған дейін Ұлттық қордың осы жылғы инвестициялық табысы 5 миллиард доллардан асқан еді, пайызбен есептегенде 10%-ға жақын. Бұл — өте жақсы құбылыс. Өйткені салық, алымдар мен түсімдер теріс, бірақ инвестициялық табыстың арқасында Ұлттық қордың сомасы өсіп отыр. Дәл қазір Ұлттық қорда 60,8 млрд доллар жиналған», — деп жауап берді Сүлейменов.

«Балалар шотына 2025 жылдың басында 150 доллардан түсуі мүмкін бе?» деген сұраққа Ұлттық банк төрағасы «бұл көптеген факторға байланысты» екенін айтты.

«Мысалы қанша бала өмірге келді, қанша бала 18 жасқа толды, қанша бала азаматтықтан шықты. Осының бәрін есептеп, қаңтар айында айтамыз. Бірақ алдын ала есептеулерге сүйенсек, шамаман 130 доллардан болатын шығар», — дейді ол.

Естеріңізге салайық, Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банкі және Стати тараптары Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақ мерзімді дауды реттеу процесін сәтті аяқтаған. Ұлттық банк осы дауды түпкілікті реттеу нәтижесінде Ұлттық қордың активтерін өз иелігіне қайтарғанын мәлімдеді.