«Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмалардың орындалуын Президент әкімшілігі өз бақылауында ұстайтын болады» дейді Айбек Дәдебаев

Ұлттық құрылтайда Президент өзекті сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, кейбірі бойынша кесімді байламын айтты, Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша да өз ұстанымдарын ортаға салды.
Бұл пікірді ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев Президент Телерадиокешеніне берген сұхбатында айтты.
− Ұлттық құрылтай – Президент бастамасымен құрылған халық пен биліктің арасындағы тиімді диалог жүргізудің таптырмас алаңы.
Құрылтай отырыстарында мәдени-рухани саланы, білім мен ғылымды, ішкі саясатты, экономикалық және әлеуметтік саланы дамыту бойынша көптеген өзекті мәселелер талқыланады.
Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың ІV отырысының ерекшелігі – Президент тек қана өзекті сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар, кейбірі бойынша кесімді байламын айтты деуге болады.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағыттары бойынша өзінің ұстанымдарын да ортаға салды, − деп пікір білдірді А.Дәдебаев.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы адам әлеуетін дамыту, ірі инфрақұрылымдық, көліктік, энергетикалық жобаларды жүзеге асыру, агроөнеркәсіптік саланы дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект жүйелерін дамыту жөніндегі арнайы тапсырмаларын да берді.
− Оның бірқатары ендігі кезекте заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді.
Бұл ретте Үкімет Парламентпен бірлесіп, қоғам мен сарапшыларды тарта отырып, кең ауқымды жұмысты жүргізу міндеті тұр.
Ал Президент Әкімшілігі болса, бұл жұмыстарды, сонымен қатар бүгін Президенттің Ұлттық құрылтайда берген барлық тапсырмаларын өз қадағалауында ұстайтын болады, − деді Президент Әкімшілігінің басшысы.