“Ұстаздарды төрге шығарған Ғани Бейсембаев емес!” деген танымал педагог әріптесіне базынасын жеткізді

0
2841

Былайғы жұртқа “Ғани Бейсембаевқа ода арнаған мұғалім” деп кешелі бері “танылып” жатқан Оналова Жадыраға әріптесі, білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы базынасын жеткізді деп жазады Democrat.kz.

Еске салып өтейік, кеше ғана Democrat.kz. ақпараттық порталында “Мұғалімнің бұл арнауынан кейін министр не істер екен?” деген тақырыппен география пәні мұғалімі Оналова Жадыраның министрге арнаған өлеңі жарияланған еді.

Мұғалімнің осы арнау-одасына қатысты әріптесі Өмір Шыныбекұлы қалам тербепті.

“Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан шығар, дәлдікті жаным сүйеді..

Мынау “әдеби шығармаңызда” шындыққа қиянат жасадым деп ойламайсыз ба?

2019 жылдан бергі президенттің сөйлеген сөздерін ақтартып, миыңызға күш түсірмейін..
Бар болғаны мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауларын оқып шығыңызшы…

2019 ж. наурыз айында мемлекет билігіне келген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сол жылдың 27 желтоқсанында “Педагог мәртебесі туралы” Заңға қол қойды.

Олай болса, ұстаздарды төрге шығарған министр Ғани Бейсембаев емес, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев!

Президенттің жолдаулары мен Ұлттық Құрылтайдың жиындарында сөйлеген сөздерін мұқият оқып шықсаңыз “Жайлы мектеп” бағдарламасын жасауға пәрмен берген де министр Ғ.Бейсембаев емес, президент Қ.Тоқаев екеніне көзіңіз жетер еді..

Министр де жұмыс істеп жатқан шығар..
Дегенмен, тарихи фактілерді бұрмалап, біреудің еңбегін екінші біреуге өңгертіп жіберу мұғалімге абырой әпермейді.

Оның үстіне, мынау өлеңіңізден “Жеке басқа табынушылықтың” лебі есіп тұр.

Ал қазақ халқы жеке басқа табынушылықтың зардабын әбден тартты.

Сондықтан, басшылар туралы сөйлегенде “еңбегін бағалау” мен “асыра мақтаудың” арасындағы көзге көрінер-көрінбес сызықтан аттап кетпеу жағын ойлаған жөн!

Тағы қосарым:
Осы жасыма келгенше мен де біраз өлең оқып едім..
Дегенмен, жүрегіңізден шыққан өлеңнің көркемдік жағына бағаны мен емес, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері бере жатар..

Қазақ мектебінде жұмыс істесеңіз, оның үстіне ақын болуға талпынып жүр екенсіз, оның да үстіне сіз де мен секілді әлеуметтік желіге тыныштық бермейді екенсіз..
Өтініш, қазақша шрифт орнатып алыңызшы” деп жазды Өмір Шыныбекұлы.

Фото интернеттен.