Владимир Путин кешірім сұрады

0
359

Владимир Путин Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соғып, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказ қалалары украиналық әскери дрон аппараттардың шабуылына ұшырады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді», – делінген хабарламада.

Ресейдің тергеу комитеті “жол қозғалысы және әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынуда.

Қазір Әзірбайжан бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүр, олар Ресейдің бас прокуратурасы мен тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ақтаудағы апат орнында Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқаны айтылған.